Қазақстанда азаматтық журналистика жауапкершілігін заңмен реттеу ұсынылды

28.09.2021 01:06

Нұр-Сұлтан қаласында дәстүрлі Astana Media Week апталығы басталды

Әлеуметтік өткір тақырыптарды таратуда қоғам алдындағы жауапкершілігімізді ұмытпаған жөн. Бүгін елордада өткен «Astana Media Week - 2021» медиа апталығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. Оның айтуынша, елімізде БАҚ туралы заңды бұзған 6 шетелдік сайттың жұмысы тоқтатылған. Ал жалпы, өткен жылғы жүргізілген мониторинг нәтижесінде отандық БАҚ беттерінде 500-ден астам материал анықталып, оларда өткір әлеуметтік тақырыптарды таратуда құқықбұзушылық болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.           

Биыл бесінші рет өтіп отырған дәстүрлі Astana Media Week апталығында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бүгінгі күні медиаға деген жауапкершілік күн санап артып келе жатқанын жеткізді. Себебі, қазір қоғамның ақпарат алуға деген сұранысы да, талғамы да өзгерді. Сәйкесінше, министр БАҚ туралы заңға 2023 жылы өзгерістер енгізілуі мүмкін деді.

«Көптеген көкейкесті мәселелер, жалпы қоғамды толғандырып жүрген мәселелер әлеуметтік желіде көтеріліп жатады. Сондықтан әлеуметтік желідегі блогерлердің жауапкершілік мәселесі айтылуда. Оның барлығы ең алдымен, заңмен шектелуі керек. Шектеу дегенде, оның бәрін, яғни Фейсбукты немеес Инстаграмды өшіріп тастау деген сөз емес. Ең бастысы, әр адам әлеуметтік желіде болсын, ақпараттық құралдарда болсын, өзінің жауапкершілігін сезінуі керек. Өйткені оның беріп отырған ақпараты тікелей қоғамға әсерін тигізуі мүмкін», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Саясаттанушы Саясат Нұрбектің сөзінше, қазіргі таңда дүниежүзінде «азаматтық журналистика» деген феномен кеңінен таралды. Бүгінде еліміздің өзінде кез келген адам журналистің рөлін алуда. Алайда оларда журналистік этика, журналистік принциптер сақталмайды. Осы мәселені қолға алғанымыз жөн дейді ол. Сонымен қатар, ақпараттық надандықпен күресу стратегиясын қабылдау да өзекті деп санайды.

«Сонымен қатар, бұқараға жаппай қысқа да нұсқа, сыни түрде ойлау білу қабілетін дамыту үшін, түрлі фейк-ақпаратты ажырата алуы үшін біз кішігірім курстар дамытуымыз керек. Оны мектептен бастағанымыз жөн. Мектепте қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттық біліктілік деген курс енгізуіміз керек. Сарапшы ретінде ондай курсты дамытуға біз дайынбыз және министрге ұсындық», – деді «BTS Education» компаниясының басшысы Саясат Нұрбек.

Бүгінгі таңда елімізде салалық журналистиканы дамытуға аса мән беріліп жатыр. Алдымен тілшілердің кәсіби біліктілігін көтеру мәселесі халықаралық шарада кеңінен талқыланды. БАҚ өкілдерін оқыту, біліктілігін көтеру бойынша министрліктің нақты жоспары бар. Аида Балаеваның айтуынша, тақырыптар толық ашылмай жатады, оның себебі, тілші бөгде саланың қыр-сырын терең білмейді. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров әлеуметтік желіні қолданушылардың сауаттылығы мен мәдениетін арттыруды ұсынды.

«Бүгінде әлеуметтік желіні барлық адам қолданады. Және олардың журналистикаға қатысы бар, себебі олар желіде отырып ақпарат тарата алады. Әрине, әр адам әлеуметтік желіні қолдануға және желіде өз пікірі мен азаматтық позициясын білдіруге құқылы. Ал желідегі сол жазбаның заңдылығы мен растығы, әдептілігі пен әділеттілігі – басқа мәселе. Осы орайда азаматтардың желіні қолдану сауаттылығы мен мәдениетін көтеру керек», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.

Шараға онлаин режимде қатысқан халықаралық медиа мамандары телеарналардан көрсетіліп жатқан дүниелерді сараптау керек деген пікірге тоқталды. Себебі баланың психологиясына әсер ететін атыс-шабыс, қан-төгіс дүниелер азаймай тұр. Осы ретте, Украина телеарнасының басшысы да бұл мәселе өз елінде өзекті екенін айтты.

«Мысалы, өткен жылы телеарнамызда драма көрсетілді. Ол кино отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты түсірілді және шынайы өмірден алынды. Украинада бұл тақырып өте өзекті болып отыр. Мысалы, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адам не істерін, кімге айтарын білмейді. Сондықтан біз телеарналар арқылы өзгелерге жол көрсеткіміз келді. Зардап шегушілердің қайда барып арыздануына болатынын көрсеттік», – деді «Украина» телеарнасының бағдарламалық директоры Юлия Гатитулина.

Сонымен қатар, «Astana Media Week-2021» медиа апталығы аясында Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.  І орынды «Jetisy» телеарнасының редакторы Сәния Байтарова, ІІ орынды Aqtobe телеарнасының редакторы Ерлан Мұқанов, ІІІ орын «Qazsport» телеарнасының редакторы Индира Бектенова иеленді.

Айта кетейік, халықаралық іс-шара ертең де жалғасады. Оған беделді әлемдік БАҚ-тың топ-менеджерлері, мемлекеттік аппарат өкілдері, танымал журналистер, документалистер және АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан блогерлері қатысып жатыр. Оның аясында медиа саласындағы өткір тақырыптар талқыға түсетін дөңгелек үстелдер, конференциялар онлайн және оффлайн форматта өтеді.

Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы