Тиісті құжат қазір ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына шығарылған
Қазақстанда балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу шаралары қатаңдатылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тиісті құжат қазір ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына шығарылған. 78 бөлімнен тұратын қаулы жобасының мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған қосымша шаралар кешенін қабылдау екен. Алайда, 80-ге жуық бөлімнің ішінде қазақтың ұлттық тәрбиесіне қайшы келетін дүниелер де бар көрінеді.
Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқығы мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына 7 ақпан күні шығарылды. Онда балалардың денсаулығын жақсарту, олардың құқығын қорғауға арналған жұмыс жоспары жазылғандай. Алайда, құжатта “кәмелетке толмағандардың құқық қорғау органына өтініш бере отырып, өз бетінше жүгінуіне болады” деген бөлім бар. Яғни, бұл дегеніміз, әлгі жеткіншек немесе кішкентай бала өзге түгілі өз ата-анасымен сөзге келіп қалса, полицияға шағымдануына болады. Сенатор Айгүл Қапбарова мұндай заң шетелде бар. Әлемдік тәжірибе болған соң қосқан шығар дейді. Бірақ, қазақтың ұлттық тәрбиесіне мұндай заң келіңкіремейді дейді депутат. Дегенмен, қазір болып жатқан оқыс оқиғалар осындай құжаттың қабылдауына итермелейді деген ойда екен.
“Шетелден әрине көшірме алуға болмайды. Әр ұлттың өзінің ұлттық заңнамасы болу керек. Өзінің саясатына, менталитетіне сәйкес. Бұл жерде мәселе ода емес. Мәселе балаларды қорғауда. Мысалы, кейбір жағдайлар болады ғой бала кімге хабарласатынын білмей қалады. Ондай оқиға бізде бар”, – дейді ҚР Парламент сенатының депутаты Айгүл Қапбарова.
Ал, әлеуметтанушы Рамазан Саттаров, балаға толық билік беріп қоймай, 14 пен 16 жас аралығындағы балаларға ата-анасына шағымдануға құқы бар деген норманы қалдыруға болады деген ойда. Ал, 14 жастан төмен балаларға ондай рұқсат берудің қажеті жоқ дейді. Себебі, ол балалық жасауы әбден мүмкін.
“8-9 жастағы балаға енді шағымдануға мұрша бермесек те, 14,16 жастағы жасөспірімге шағымдануға рұқсат беруімізге болады деп ойлаймын. Біз енді осылай заң қабылдап, әкелер мен ұлдарды, әке-шеше мен ұл-қыздарды бір-біріне қарсы қоюға біз жол ашпаймыз. Бұл енді пайда болған конфликтіні шешу жолындағы амалдар”, – деді әлеуметтанушы Рамазан Саттаров.
Бұл құжатты Оқу-ағарту министрлігі дайындаған. Кешенді жоспардың нәтижесінде, балаларға қатысты жасалатын жыныстық қолсұғушылыққа қарсы қылмыстар саны жыл сайын 2 пайызға төмендейді деп күтіледі. Сонымен қатар, суицидтің де саны 1,5 пайызға азаймақ екен. Одан бөлек, балаларға қосымша білім беру, жазатайым оқиғалардың кесірінен балалардың өлімін төмендету көзделген. Айта кетейін, құжат 21 ақпанға дейін көпшілік талқылауында болады.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Нұрлан Өтегенов, Ринат Утеев, Алматы телеарнасы, Астана