Мейірім мекені: алматылық отбасы халықтан көмек сұрайды

06.08.2024 00:44

Жазатайым оқиғаның салдарынан басына қан құйылды

elements.envato.com

Жазатайым оқиғаның салдарынан басына қан құйылып, жарақат алған алматылық Анатхан Әкімнің жақындары халықтан көмек сұрайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жанұясының жалғыз асыраушысы 36 жастағы ол енді жұмысқа жарамсыз болып қалған. Жиһаз құрастырып нәпақасын тауып, отбасын асырап жүрген азаматқа ауыр затты көтермек түгілі, шеге қағуға тыйым салынған. Қазір ол күнделікті дәрігерлердің бақылауында. Ақ халаттылар оған дәрі-дәрмекті уақытылы қабылдап, тынығуға нұсқау берген. Өйткені, 6 айдан соң тағы бір күрделі ота жасалуы қажет.

Жазатайым оқиға осыдан шамамен 1 ай бұрын болыпты. Әдеттегідей жұмысқа аттанған Анатхан Әкімнің жолда басы айналып, кейін жерге құлаған. Бұл жайтты дәл сол сәтте оның артында келе жатқан 3 жігіт көріп, дереу жедел жәрдем шақырыпты. Іле-шала жұбайының артынан үйден шыққан Айбарша Серікхан күйеуінің жерде жатқанын көрген.

- Сөйтіп жанына бардым, күйеуім жерде құлап жатыр. Не болды десем, есін жақсы білмейді. Тілін тістеп қалған. Талып қалған. Басынан қан кетіп жатыр. Қарақұсынан қан кетіп жатыр. Сонымен жедел жәрдем шақырып қойғанбыз. Бес минуттың ішінде дәрігерлер келді, - дейді А. Әкімнің жұбайы Айбарша Серікхан.

Құлағаннан кейін жары есін жиыпты. Алайда жедел жәрдем көлігі ауруханаға таяп қалғанда, жағдай қайта ушыққан. Емханаға жеткен бойда зардап шеккен азамат бірден жансақтау бөліміне кіргізіліпті. Бас сүйегі сынғандықтан оған ота жасалған. 3 жарым сағатқа созылған операциядан соң Анатханның жағдайы оңала бастапты.

- Таңғы сағат 6.30-7.00 кезінде барсақ ояныпты. Жаңадан қол-аяғына жан кіріп жатыр. Сонымен сағат 8.00-де жансақтау бөлімінің дәрігері келіп, оны қайтадан комаға түсіп қалды деді. Екінші операция жасалғанын айтты. Миына қан кетіп қалыпты. Басында гематома, ұйыған қан бар. Бірінші операциясында ондай болған жоқ еді, екінші отадан соң миына қан кеткен, - дейді А. Әкімнің жұбайы Айбарша Серікхан.

Анатхан Әкім екінші отадан кейін 36 сағат өткенде барып есін жиыпты. 18 күн ауруханада болған оның беті бері қарап, қазір жағдайы қалыпқа түсіпті. Десе де, дәрі-дәрмекті күнделікті қабылдап, күтіну қажет екен. Алайда жақындары оның жағдайына әлі де алаңдаушылық танытып отыр. Себебі, алған жарақатынан кейін ол ұмытшақ бола бастапты.  

- Қара жұмыс істеп, тіршілік етіп жүргенбіз. Бала-шағаны сонымен бағып, қазір енді мүлде ешқандай жұмысқа жарамай қалдық. Сол қиындау болып тұр. Күнделікті шығындар бар, пәтердің жайы мынау, - дейді қала тұрғыны Анатхан Әкім.

Отбасы аядай баспанада тұрады. 4 баланың анасы қалыптасқан жағдайға байланысты жұмысын тастауға мәжбүр болған. Себебі, үйдің отағасына күнделікті күтім қажет.

- Анатханымыздың жұмыссыз қалды, оның 4 баласы бар. Үй-іші қазір жалдамалы пәтерде тұрады. Сол үшін өзінің отбасын асырауға шамасы жетпей қалды. Қазір жұмыссыз күйде жатқандықтан, өзіміздің тұрып жатқан мекенімізден, ауыл болып, жұрт болып көмектесіп жатырмыз. Сол көмегіміздің барлығы жеткіліксіз болып жатқандықтан,  халық болып, ел болып бірігіп, осы досымызға бір жақсы нәтижелі көмегімізді көрсетсек деген ой-ниеттеміз, - дейді А. Әкімнің досы Жанболат Ваня.

Бұл отбасының жақындары мен достары Анатханның тезірек сауығып кеткенін тілеп, жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Ал жұмыссыз қалған ерлі-зайыпты, дәрі-дәрмек үзілмей, ендігі отамыз сәтті өтсе деп армандайды. Баспана мәселесі де оң шешімін тапса, жеңілдік болар еді дейді. Мұқтаж отбасыға қаржылай көмек көрсетемін деушілерге байланыс нөмірін қалдырдық.

Байланыс нөмірі: 8 708 765 03 60 Anatkhan A.

Рүстем Айтәкрім, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Болашақта тіс дәрігерін робот алмастыруы мүмкін