Алматы облыстық ПД мен Іле аудандық білім басқармасы меморандумға қол қойды

09.04.2022 00:45

Ендігіде жас кадеттер теориямен шектелмей, тәжірибе жүзінде білімдерін шыңдай алады

Almaty.tv

Бүгін Алматы облысының Полиция департаменті Махамбет Есболатов атындағы академиямен және Іле ауданының білім басқармасымен бірлесіп, өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Ендігіде жас кадеттер теориямен шектелмей, тәжірибе жүзінде білімдерін шыңдай алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Іле ауданы Өтеген батыр кенті орта мектептерінің кадет сыныбы үшін бүгін айтулы күн. Себебі Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Арыстанғали Заппаров тәрбиеленушілермен арнайы кездесу өткізді. Ал қабылданған меморандум нәтижесінде ендігіде Іле ауданының жас кадеттері аталған академияның оқу үрдісіне қатысып, мектептен кейінгі білімін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар өңірдің бас полициясы кадет сыныптарының материалдық базасымен танысты.

«Үшжақты меморандумға бүгін  қол қойылды. Біздің кадетшілердің болашақта оқуға түсіп, тәжірибе алмаса алады. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің жұмысымен танысуға болады», – деді облыстық ПД басшысы  Арыстанғали Заппаров.

Іле ауданында алғаш рет кадет сыныптары 2014 жылы ашылған еді. Бүгінгі таңда 14 мектепте жалпы 20 кадет сыныбы бар. Аталған оқу орындарында 750-ден астам оқушы полиция, өрт сөндіруші, шекарашы және ұшқыш мамандығы бойынша білім алады.

«Біздің бекітілген бағдарлама бойынша сабақ өтеді. Сағат 8:00-ден түске дейін міндетті сабақтарды өтеді. Ал түстен кейінгі уақытында факультатив сабақтар. Шекарашылар болсын, полиция болсын өздерінің пәндері бар», – деді Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Қаткеева

«Бүгінгі іс-шара өзіме ұнады. Себебі қолыма автомат алып атуды, қару жинақтауды және шашуды үйрендім. Өскенде әскерге барып, полиция қызметкерлерінің университетіне түсуді алдыма мақсат етіп қойдым», – деді Іле аудандық №7 орта мектебінің оқушысы Мейрамбек Ерқабыл.

Кездесудің соңында концерттік бағдарлама көрсетіліп, кадеттер аллеясына ағаш отырғызылды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шара алдағы уақытта да жалғасады дейді. 

Айта кету керек, ендігіде ауданның тағы төрт мектебінде кадет сыныбын ашу жоспарланып отыр.

Мөлдір Жақан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы