Бір уақыт белдеуін енгізудің ұтымды тұстары қандай - сарапшы пікірі

23.01.2024 00:45

Қолданыстағы ресми сағат тілі өткен ғасырдың 30-жылдары бекітілген

Almaty.tv

«Бір уақыт белдеуін енгізудің ұтымды тұстары көп». Сарапшылар осылай дейді. Екі күн бұрын елімізде бірыңғай сағат белдеуін енгізу туралы шешім қабылданды. Өзгеріс үш мегаполис пен 13 облысқа қатысты. Енді олар көктемнің алғашқы күнінде жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа жылжытады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірыңғай уақыт белдеуі деген ұғымды төрткүл дүние әлдеқашан мойындап қойған. Әлемде 200-ге жуық мемлекет бар десек, соның  22-сі екі немесе одан көп сағат белдеуін қолданады. Ал 175 елде бірыңғай уақыт бекітілген. Қазақстан да осы қатарға қосылуға ниетті. Бізге оңтайлы нұсқа ретінде бес сағат белдеуі таңдалған. Енді республиканың бүкіл аймағында бірыңғай уақыт болады. Мұндай шешімді Сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы қабылдады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай өзгеріс көп салада тиімді болмақ.

– Біріншіден, бұл синхронизация, екі аумақты бір-бірімен сәйкестендіруді береді. Ол банк саласы, кәсіпкерлік немесе ұшақ, пойыз кестелеріндегі қолайсыздықтарды жойса, он екі облыстың және Астананың дұрыс уақыт белдеуіне көшуіне мүмкіндік береді, – деді қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев

Отандық ғалымдар елдің басым бөлігі өзінің табиғи уақытынан алға келе жатыр деп дабыл қағып отыр. Ал сағат тілінен озу адамзатты тоздыратын процесс екені анық. Алайда осы тұста пікір екіге бөлінеді. Бірі уақытты теңестіру арқылы денсаулықтың да таразысын тепе-тең ұстауға болады десе, енді бірінің ойы басқадай.

– Адамның еңбекке қабілеттігі, сауаттылық, өмір сүру ұзақтығы, барлық салаға тиімділігі ғылыммен дәлелденді, 2022 жылы қазанда Барселонада ірі талқылау болып, тиімділігі толық дәлелденді, – деді қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев

Пульмонолог, фтизиохирург дәрігер Абзал Малбасқанов, керісінше, мұндай өзгеріс адам денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтады.

– Біріншіден адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Барлығын 1 сағат белдеуіне қою экономикалық, әкімшілік жағынан пайдалы шығар. Бірақ адамның денсаулығына келетін болсақ, жүйке жүйесіне, жүрек қан-тамыр, асқазан-ішек жолдарына кері әсер етеді, – деді фтизиохирург дәрігер Абзал Малбасқанов.

Айта кетейік, қазір қолданыстағы ресми сағат тілі өткен ғасырдың 30-жылдары бекітілген. Араға жарты ғасыр салып, сарапшылар саралап, 1980 жылы шетел тәжірибесін негізге алып кей облыстардың уақытына өзгеріс енгізген еді.

Ал жауаптылар «уақыт белдеуінің өзгерісіне бейімделу үшін әр азамат күн тәртібін дұрыс жоспарлай алса жеткілікті» дейді. Бар болғаны 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні әлеуметтік уақытты яғни, қолыңыздағы сағат тілін 60 минутқа артқа жылжытсаңыз болғаны.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда қала халқының неше пайызы қоғамдық көлік пайдаланады