Алматы маңында қар көшкіні болуы мүмкін деген қауіпті 165 аумақ бар. Соның бірінде 17 наурыз күні 30 мың шаршы метр болатын қар көшкіні болған еді. Мамандар бұл аумақтардың барлығы дерлік жіті бақылауда екенін айтады. Алайда апат айтып келмейді, алдын алу шаралары жиі жасалуы тиіс дегенді алға тартады. Almaty.tv тілшісі шың басындағы 2860 метр биіктікке барып, жағдаймен танысып қайтқан болатын.
Айына шамамен 200 мыңға жуық келушіні қабылдайтын «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты көшкін қаупі бар аумаққа жататындықтан, мұнда сақтық шаралары қатаң сақталады дейді мамандар. Ол үшін тың техника мен тазартқыш құралдары пайдаланылады екен.
Қала жұртшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қар көшкінінің алдын алу үшін 2860 метр биіктікте 16 құтқарушы, 4 арнайы техника күн-түн демей жұмыс істейді.
Көшкіннің алдын алу үшін қауіпті аймақтарда жиналған қар үйінділерін мамандар әдейі атып түсіріп жатыр. «Аваланчер» деп аталатын француз зеңбірегі опырылуы мүмкін жерлерді атып, омбы қарды аз-аздан бөліп түсіріп алады. Сонда қауіп біраз сейіледі дейді құтқару қызметіндегілер.
«Аваланчер зеңбірегі – француздың сапалы құрылғысы. Ұзын снарядтарды азотпен толтырып, қалың қар жиналған жерге ату арқылы жүзеге асады. Алты метр болатын бұл жадбық екі шақырым жерге дейін снаряд ата алады. Біз тек белгіленген аумақта жұмыс істейміз», - деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты құтқару қызметінің бастығы Виктор Львов.
Құтқару қызметкерлері ереже бұзатын ел-жұрттың да баршылық екенін жасырмады. Олар шаңғы тебетін арнайы аумақтан асып, қоршауды бұзып барып сырғанайды дейді. Бұл өз кезегінде қардың опырылуына ықпал ететінін жеткізді.
«Екі жыл бұрын инструктор жалдап осы жақта жүрдім, сосын үйрендім. Менің ойымша, осы тасжолдарда қауіпсіз. Өйткені бәрі тексерілген. Ал жол төселмеген жерлермен жүруге болмайды. Өйткені қазірде қар көшкіні болып жатыр», - деді қала тұрғыны Жәнібек Бекболатов.
«Қар көшкінімен біз өзімізде айналысамыз. Өткен жұмада келіп, Шымбұлақтағы қарды түсіріп кеткенбіз. Халыққа, туристерге қауіпсіз болуы үшін, адам шығыны болмас үшін дер кезінде мамандар есептеп, қанша қар түсу қаупі бар екенін анықтайды», - деді қала тұрғыны Айқын Нұрасылов.
Қар көшкіні қаупі әлі де бар деген қалалық «Қазселденқорғау» мамандары 82 мың шаршы метр болатын аумақты қазір бақылауға алдық дейді. Олардың айтуынша, Алматыдағы Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында 165 қауіпті жер бар екен.
Шымбұлақтың шыңына шығатын қала қонақтары шағын кабинамен тау басына барады. Алайда құтқарушылардың өзіндік жүретін жолы бар. Олар діттіген жерге дереу жету үшін арнайы техникамен барады. Өйткені қауіпсіздік – бірінші орында.
Әлібек Шынтемір, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы