Эпидемиялық жағдайды жеңілдетудің қажеті жоқ – Президент

11.04.2020 00:45

Елдегі төтенше жағдай 30 сәуірге дейін созылды

© Sputnik / Владислав Воднев

Елдегі төтенше жағдай 30 сәуірге дейін созылды. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің төрағалығымен өткен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында осындай шешім қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мемлекет басшысы елімізде уақытында жүзеге асқан шұғыл шаралардың арқасында індеттің кең таралуына жол бермегенімізді атап өтті. Мұны халықаралық қоғамдастық та оң бағалап отыр. Қатаң карантиндік тәртіп өзінің нәтижесін бергенін айтты. Елорда мен Алматыда жағдай тұрақтанды. Алайда әлі де бірқатар аймақтарда індетке шалдыққандар саны артып келеді. Карантин уақытын созу – әлеуметтік, экономикалық қиындықтар тудырып отырғаны сөзсіз, алайда сәуірдің аяғына дейін төтенше жағдайды ұзартуға мәжбүрміз, деді Президент.

«Біз коронавируспен аурудың жоғары деңгейінен әлі өткен жоқпыз. Эпидемиялық жағдайды жеңілдетудің қажеті жоқ. Сол себептен елордада, Алматыда, Шымкентте және осы тиісті облыстарда карантиндік режимді сәуір айының аяғына дейін ұзартуды тапсырамын. Бұл шешім қолайлы шешім емес екендігін түсінемін, себебі адамдар көшеге шыққысы келеді, өздері үйренген дағдылы өмір салтын қалпына келтіргісі келеді. Бірақ бізде карантинді және өзін-өзі оқшаулануды сақтаудан басқа жол жоқ. Бұның өзі отандық және халықаралық маман-вирусологтар ұсынып отырған жол. Бұлай болмаған жағдайда эпидемия етек алып, соның салдарынан бүкіл ұлттың денсаулығына, ал онымен бірге ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп төнеді. Ондай жағдайда ШОБ-тың, тіпті бүкіл экономиканың мүдделері маңыздылығын жоғалтады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.  

Бұдан бөлек, мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің індетті жұқтырып жатқаны алаңдататынын айтты. Бұған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болуда. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын ерекше бақылауға алу керек деген тапсырма жүктеді.