Халық қатысатын бюджет: Бостандық ауданында 21 жоба іске асырылды

30.08.2023 в 00:45

Жауаптылар бүлінген қасбетті жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жөндеді

«Тесілген шатыр, ұсқыны кеткен қасбет». Алматы қаласы Бостандық ауданы тұрғындарын алаңдатқан бұл мәселелер көп ұзамай шешімін тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Бостандық ауданы Гагарин көшесіндегі №147 үй. 60 жыл бұрын салынған 4 қабатты баспананың шатырында шұрық-тесік пайда болып, жауын-шашын жауса су ағатын болған. Мұнда зейнеткерлер тұратындықтан, үйді модернизациялауға қаражат жиналмаған. Қала әкімімен кездесуде көпшілік өтініш айтып, мәселені шешіп беруді сұраған еді. Шаһар басшысының тапсырмасымен инвестор тартылып, шаруа шешілген.

– Әкіммен кездескен кезде көршілер жиналып, шатырдан су кететіні туралы айттық. Өз қаражатымызға жөндеуге шама келмеді. Себебі көршілерім де мен сияқты зейнеткер. Өтінішімізді қабылдап, көп ұзамай үйдің шатырын жөндеп берді. Бүгін жаңбыр жауып тұр, еш жерден су ағып жатқан жоқ. Әкімдіктегілерге алғыс айтамыз, – деді қала тұрғыны Татьяна Яремий.

Ал Әуезов көшесі №169  үйдің тұрғындары қасбеттің бүлінгенін айтып, көмек сұраған еді. Жауаптылар бүлінген қасбетті жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жөнденді.

– Ерболат Досаевтан үйдің қасбетін жөндеп беруін сұрадық. Әкімдіктегілер тегін жөндеді. Біз сияқты зейнеткерлерге көмек болды, – деді қала тұрғыны Наталья Кирилихина.

– Жеке кәсіпкерлердің күшімен жұмыс атқарылып, аталған үйдің қасбеті мен шатыры жөндеуден өтті. Сонымен қатар Жароков көшесі бойындағы Өтепов пен Левитан көшесінің ортасында жасыл желектерді суғару жүйесі орнатылды, – деді Бостандық ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әділет Әліпбеков.

Ал жасыл желектерді суару жүйесі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясында іске асты. Халықтың қалауымен жолдың ортасы жасыл желекке айналды. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің маңындағы автотұрақ та сүріліп, тұрғындар серуендейтін алаңға айналды. 

Айта кетейік, өткен жылы Бостандық ауданында жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша 21 жоба жүзеге асырылған. Сонымен қатар саябақ және балалар алаңдары пайда болды.

Қайрат Советбекұлы, Ғани Қалуов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алмалы ауданында жарықтандыру мәселесі қалай шешіліп жатыр