Ұлттық сенім кеңесі: Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр

Ұлттық сенім кеңесі: Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр
Жастар мәселесі Президенттің де назарынан тыс қалмады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекеттік және ұлттық жоғары оқу орындары сатылмайды. Ата жұртқа оралған қандастарымызды баспанамен қамту мәселесі толық шешім тапқан жоқ. Адам саудасына қатысты қылмыстар азаймай тұр. Осы және өзгеде түйткілді мәселелер бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 4-отырысында қызу талқыланды. Келелі кеңесте көтерілген көкейтесті проблемалар туралы толығырақ елордалық Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатады.

Алдымен қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері елді алаңдатқан ең өзекті мәселелерді ортаға салды. Кеңестің саяси реформалар жөніндегі тобының мүшесі Маским Споткай өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталамау туралы айтты.

«Өзге елдердің ұлттық жобаларын қайталаудан бас тартуымыз керек. Еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған шетелдік тәжірибелер әрдайым сәтсіз болады. Сондықтан жобалар «жабық есік» жағдайында дайындалмауы тиіс. Қазақта «келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан мұндай жұмыстарға тәуелсіз сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, әсіресе, жастардың араласқаны жөн», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің саяси реформалар жөніндегі тобының мүшесі Максим Споткай.

Жастар мәселесі Президенттің де назарынан тыс қалмады. Үкімет жас мамандарға жағдай жасау үшін нақты шаралар қабылдауға тиіс деді. «Серпін» және «Дипломмен ауылға» жобаларының тиімділігін саралап, тиісті ұсыныс енгізу қажеттігі туындап отыр. Бұл бағдарламаларды ұтымды түрде жүзеге асыра білсек, солтүстік өңір жастар үшін жайлы аймаққа айналатынын айтты. Сонымен қатар азаматтық алған қандастарымыздың солтүстік өңірге көшкенде үй кезегінің сақталуына да мән берді.

«Отанына оралған қандастарды үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Олардың тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алуға мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң бұл мәртебесі жойылып, сонымен бірге, үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, Үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек. Бұл шара қандастардың осындай жұмыс қолы тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал, кеңес мүшесі Ләззат Қожахмет көпбалы отбасылардың баспана алуы мәселесін көтерді. Ол Қазақстанда 30 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұрғанын жеткізді.

«Тұрғын үй саясаты саласында бір мезетте жеті мемлекеттік оператор жұмыс істейді екен. Бірақ осы уақытқа дейін баспана кезегінде тұрған адамдардың тізімін ашық жариялайтын республикалық сайт жоқ. Яғни, кім кезектен үй алды? Өз кезегімен алып жатыр ма? Жемқорлық фактілері орын алды ма? Осының барлығы ашық түрде сайтта көрінуі керек. Былтыр үй алғандар қазірдің өзінде кезекте тұр, кезек жаңармай жатыр», – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ләззат Қожахмет.

Мемлекет басшысы қоғамдағы мұндай өзекті мәселелердің айтылғанын қуаттап, өзі де елдегі бірқатар проблемаларды атап өтті. Мәселен, қазақстандықтардың еңбек миграциясын әңгімеге арқау етті. Жыл сайын отандастырымыз еңбек мигранттары атанады деді.

«Олардың көбісі қызмет көрсету секторында жұмыс істеуде, сол жерлерде олар өз елінде істеуге келісе бермейтін жұмысқа баруға дайын. Сонымен бірге, осындай жағдайларда еңбек қатынастары ресми реттелмейтіні анық. Бірқатар елдерде қазақстандықтар заңсыз жұмыс істеп жүр. Бұл тұрғыда тіркеуге қатысты қиындықтар туындап, еліміздің азаматтары күн сайын түрлі тұрмыстық мәселелерге тап болуда. Бұл ахуал пандемия кезінде айқын көрінді. Қазіргі әлемде еңбек миграциясы жаһандық сипатқа ие екенін түсіну керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау бойынша науқаншылдыққа жол бермеу керектігін ескертті. Президенттің сөзінше, Парламент сайлауында жастарға мол мүмкіндік бар.

«Біз қоғамдық пікірді және азаматтардың түйткілді мәселелерін зерделей отырып, маңызды істерге жол аштық. Бүгін мен жастарға арналған 30 пайыздық квота туралы айттым. Бұл бастаманың заңды тұрғыда рәсімделуі – мемлекетті басқару тәсілдерін жаңартуға бағытталған байыпты қадам. Сондай-ақ, осы жоба арқылы еліміздің саяси өміріне белсенді араласуға зор мүмкіндік беріледі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыс барысында кеңес мүшелері атқарушы органның халыққа қолжетімсіздігін, елімізде адвокаттардың әлеуметтік қауіпсіздігі қорғалмағанын, ауыл жастарына жағдай жасау секілді өзекті мәселелерді көтерді.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров