Алматы зообағында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мұнда аюдың, қасқырдың және барыстың үй-жайлары жаңадан салынуда. Енді аңдар кең әрі ыңғайлы жерде өмір сүрмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар, келушілер жануарларды барлық жағынан көре алады. Зообақ өкілінің сөзінше, апандар заман талабына сай салынуда. Тіпті сол үшін шетелге арнайы әйнекке тапсырыс беріліп те қойған. Сондай-ақ осы жөндеу барысында бұрынғы Верный обсерваториясы түпнұсқа күйінде жаңартылыпты. Тіпті үйді жылытатын ескі пеш те қаз қалпында сақталған.
«Бұл жерде әр жануарға жағдай жасалған. Тіпті төлдейтін жерлеріне дейін қарастырылған. Үй-жайлар әлемдік стандартқа сай. Мұнда аңдарға қызмет көрсететін қызметкерлердің қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Мәселен, тамақ беретін кезде жануарлар сыртқа шығарылады. Олардың есіктері автоматты түрде ашылып-жабылады. Яғни, адаммен қарым-қатынас мүлдем болмайды», – дейді Алматы зообағы директорының орынбасары Айбол КУДЕРИН.
Құрылыс алаңының жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды. Жобалау кезінде мамандар неміс тәжірибесін қолданған. Апандар темір тормен қоршалады. Оның биіктігі 3-5 метр болмақ. Сонымен қатар, әр үй-жайда ауа температурасы бөлек бақыланады. Экспозицияларда ауа тазарту жүйесі де іске қосылған. Жоспар бойынша мұнда аю, қасқыр және барстың апандары қарастырылған. Онда тордың бетіне жасанды тастар орнатылады екен. Бұл барыстың өзін табиғатта жүргендей сезінуіне мүмкіндік береді. Себебі барыс көпшіліктің алдына шыққанды ұнатпайтын көрінеді. Сондықтан мына аумақтың айналасы «пиано» деген тереземен қоршалады. Ол әйнектің ерекшелігі сол, адамдар жануарды көреді де, ал аң оларды көрмейді. Сондықтан барыс осы жерде өзін еркін сезініп жүреді дейді мамандар.
«Сондай-ақ қасқыр мен аюдың апандары да барынша шынайы етіп салынбақ. Аңдардың арасын темір тор бөліп тұрады. Апандарының айналасына бөренелер орнатылмақ. Сондай-ақ, жуынатын орындар мен сарқырама да қарастырылған. Келушілер аңдарды үш жерден тамашалай алады», – дейді құрылысшы Қанат ҚУАНДЫҚОВ.
Экспозициялардың ішіне жасыл желек егіліп, ағаштар отырғызылады. Айналасына адамдардың ыңғайлылығы үшін абаттандыру жұмыстары да жүргізілмек. Зообақтағы құрылыс осы жылдың тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.
Алматыдағы бұрынғы "Верный обсерваториясын" жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұл ғимарат алматыдағы алғашқы метереологиялық станция болған.
Яғни, мамандар ауа-райын осы жерде болжапты. Жалпы, ғасырдан астам тарихы бар ғимаратты жаңарту кезінде құрылысшылар барлығын түпнұсқада сақтауға тырысқан. Есік-терезелерінің өзін сол кездегі эскиз бойынша цехта арнайы дайындатыпты. Ал қабырғаларындағы ескірген сылақтың барлығын сүріп, орнына жаңасын тартқан. Мына пешті сол бойында қалдыруды ұйғарған. Қазір заман талабына сай үйдің ішіне жылу батареялары жүргізіліп, тоқ тартылған.
«Ғимараттың ішкі көрінісінің эскиздік жобасы дайындалуда. Жалпы болашақта қандай бағытта жұмыс жасайтыны бойынша мәселе талқылануда. Негізгі бағыты мәдениет және туризм саласында. Және халықтың игілігіне жұмыс жасау болады», – дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Назерке КӘКІЖАНОВА.
Бүгінде тарихи нысан толығымен жаңарған. Алдағы уақытта ауласына жасыл желек егілмек. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң сыртындағы қоршау алынып, үйге кіретін басталдақ орнатылады.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы