Алматы облысына қарасты сусыз, жылу мен жолсыз өмір сүріп отырған Ащыбұлақ ауылының тұрғындары арнамызға хабарласып, базынасын айтты. Бірнеше жеке саяжай халқының тіршілік нәрінсіз отырғанына бір жарым айдың жүзі болған. Ал жергілікті шенеуніктер көгілдір отынның мәселесі жыл басында шешіледі деп сендіріпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көпбалалы ана Тоғжан Шәкен ішерге суды сатып алып ішуге мәжбүр. Сусыз, сарқылып отырғанына екі айға жуықтаған. Үйде жылу да жоқ. Сондықтан балалары аядай бөлмені саялауына тура келеді. Газды қомақты қаржы беріп қостырғаннан не қайыр, ешқандай рахатын көріп отырғанымыз жоқ деп кейіді ол.
«Екі күн болды газ өшіп тұр. Бір бөлмеде балаларым жылытқышпен отыр. Төртеуі де жөтеліп отыр. Укол алып отырмыз. Үйдің іші дәріхана болып кетті, дәріден дәрі ішіп жатырмыз. Тамақ жасасам, жылытқышты өшіру керек, жылытқышты қоссаң тамақ жасай алмайсың. Ол жылда осы!», – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тоғжан Шәкен.
Ауыл халқын жайсыз тұрмыс қатты қажытқан. Коммуналдық игілік атаулыдан жұрдаймыз дейді ашынған ел.
«Бізде су жоқ. Жарық мәселесі де бар. Себебі бәленбай үйге бір-ақ трансформатр қойылған. 1 кВТ үшін 29 теңге төлейсіз! Сұмдық! Интернет те жоқ. Жарық жоқ болса, газ жоқ. Жарық болмаса, су жоқ! Сондай мәселелер бар. Автобус туралы аузымызды аша ашпайсыз», – деді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрсынгүл Әбдрахманова.
Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары жаман жолдармен жүріп әбден жауыр болған. Суды тасып ішудің өзі мұңға айналды дейді. Түсірілім тобымыз округтегі кооперативтердің бірінің әкімшілігіне барып жауап алуға тырысқан еді. Алайда жауаптылар орнынан табылмады. Ал ауыл округі әкімдігі халықтың бұл жағдайынан хабардар. Жауаптылар мәселе жуық арада шешіледі деп ел алдында ақталды.
«Қазіргі кезде үлкен ГРЭС салынып жатыр. Ол 10 желтоқсанда іске қосылады. Біртіндеп бәрі реттеліп, қалпына келеді», – деді Ащыбұлақ ауылдық округі әкімінің орынбасары Кенже Бурхина.
Әкімдіктегілер саяжай кооперативтерінің ішкі мәселелеріне араласу құзыретімізге кірмейді дегенді алға тартты. Ал саяжайдан ауылға өту қашан жүзеге асары әзірге белгісіз.
Назкен Еркін, Динара Сәбитова, Ернат Болатбеков, «Алматы» телеарнасы