Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы құрған Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына биыл 100 жыл толды. Осыған орай Алматыда бірқатар мерейтойлық іс-шара өтті. Оған білім беру саласының құрметті қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен Академияда ұзақ жыл еңбек еткен ғалымдар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткері, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы Орынборда Ұлттық білім академиясының негізін қалады. Бүгінде елдің бас педагогикалық ғылыми-зерттеу ордасына айналған академияға педагог Ыбырай Алтынсаринның аты берілген. Мекеме өз қызметін 1933 жылдан бері Алматыда жүзеге асырып келді. 2009 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласына көшірілді. Сондықтан да мерейтойдың Алматыда атап өтілуінде өзіндік мәні бар.
Іс-шаралар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Содан соң қоғам қайраткерлері Алаш зиялысының музей-үйіне барды.
«Білімге, ғылымға ұтылып, адам болу үшін білім керек екенін, бай болу үшін кәсіп керек екенін насихаттап кетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауында айтылған тапсырмаға сай бүгінде осындай шаралар атқарылып жатыр. Бұл өте керек дүние», – деді ҚР еңбек ері, Алматы қаласының құрметті азаматы Аягүл Миразова.
Ары қарай білім беру саласының қызметкерлері мен ғалымдарының қатысуымен Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде конференция өтті. Жиын барысында Академия дамуының тарихи аспектілері, қазақтың көрнекті тұлғаларының оған қосқан үлесі, сондай-ақ білім беру жүйесін дамыту мен қалыптастырудың рөлі қарастырылды.
«Биыл енген әліппе оқулығы да А. Байтұрсынұлының әдістемелік принциптеріне негізделіп жасалды. Академия әлемнен қалыс қалмай, Алаш ғалымы салып кеткен ізден адаспай жүргізіп, білім жүйесін қалыптастыруда үлкен зерттеу-зерделеулер жүргізіп жатыр», – деді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев.
Шара соңында академия президенті қазақ білімінің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға алғыс айтты. Академия бүгінде отандық білім-ғылымды заман талабына сай дамыту үшін хаб ретінде қалыптасып келеді.
Назкен Еркін, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы