|
25.01.2023 | 19:46
5938

Көгілдір отынға көп ақша төлейміз: Қарасай ауданы прокуратурасы мәселеге қатысты тексеріс бастады

Бүгін бұқара екінші рет бас қосты

Көгілдір отынға көп ақша төлейміз: Қарасай ауданы прокуратурасы мәселеге қатысты тексеріс бастады Almaty.tv.

Көгілдір отынға көп ақша төлеп жатырмыз деген Алматы облысына қарасты 7 бірдей ауылдық округ халқы бүгін Шамалған ауылында жиналып, шағымын аудан әкіміне жеткізді. Олар ай сайынғы газға төленетін құнның екі есеге өскеніне наразылық білдіріп, жауапты компанияның қызметінен бас тартуды ұйғарып отыр. Ал Қарасай ауданы прокуратурасы бұл жайтқа қатысты тексеріс басталғанын мәлімдеді. Шамалғанның Мәдениет үйіне мәселесін айтып келгендер газ компаниясының қызметін де сынға алды. Газ құбырын тарту үшін де қомақты қаражат жұмсалатынын алға тартты.

«Газ керек болды. Төрт баласы бар. Сөйтіп бір 160 мың алып алды. Ол несие алды?» – деді Шалқар ауылының тұрғыны Ғалия Қарамергенова

Қордаланған мәселені шешпекке келген Қарасай ауданы әкімі түйткілдің бір күнде шешіле қоймасы анық дейді. Өйткені бұл жайтқа қатысты құзырлы органдар тексеріс жүргізіп бастағанын айтты.

«Мынадай шешімге келдік. Қазір антимонополиялық органның қорытындысын күтеміз. Олар өз бағасын нақты айтады. Осы кісілерге  баяндаймыз. Газсыз қалмас үшін оны төлеу керек. Егер антимонополиялық орган артық тариф қойды десе, сол ақшаның бәрін халыққа міндетті түрде қайтарып береміз», – деді Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов

«Халық наразы болғандықтан талдау жасадық. Талдау жасау барысында заң бұзылған. Басқарма монополясына ұсыныс берілді. Осы ұсынысқа байланысты монополия тексеруі қажет. Сол тексеру нәтижесіне қарай тариф, бағаны рәсімдеу, төмендету мәселесі шешіледі», – деді Қарасай аудандық прокурорының орынбасары Заманбек Асыланбек.

Ал жұмысы сынға қалған газ компаниясының өкілдері көгілдір отынға берешегі бар бұқара қалайда тариф құнын төлеуі керек деп отыр. Олай болмаған жағдайда ескерту жасалады. Төленбесе, жауапты мекеменің құбырды кесіп кетуіне де құқы бар екен.

«Қазір көрсетілген бағамен газды төлеу керек. Қаңтар айынан бастап  бағасы өзгерді. Монополияға қарсы комитет бір айдың ішінде жауабын шығарады, тарифпен таныстырады. Ол жұмыс жасалады», – деді  «Сигма-газ» ЖШС директорының орынбасары Данияр Әшімхан.

Айта кетейік, мұнда көгілдір отынның мәселесі 9 қаңтарда басталған. Бүгін бұқара бұл мәселені айтып, екінші рет бас қосты. Талап-тілек тыңдалды, енді тиісті шешім тексерістен соң белгілі болмақ.

Әлібек Шынтемір, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеаранасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир