Тамағымызға әрең жетеді: «Қазақтелеком» жұмысшылары жалақысын көтеруді талап етті

01.02.2022 01:33

Небәрі 80 мың теңге алатын жұмысшылар «жанайқайымызды басшылық елемесе, жұмысқа шықпаймыз» деп отыр

Almaty.tv

«Тапқанымыз ішкен-жегенімізден артылмайды!». Айлық ақысы 80 мың теңге ғана болатын «Қазақтелеком» жұмысшылары бүгін осылай деп бас көтерді. «Естір құлақ болмаса, жұмысқа шықпаймыз» дегендерге жауаптылар нендей жауап қайырды? Көпшілік сан мәрте сұрағанымен, шешімі болмаған мәселенің түйінін Almaty.tv тілшісі тарқатып көрді.

  

«Әйтеуір, тамақ ішкенге әрең жеткіземіз. Міне, жүрміз осылай. Шыдап жүрдік. Шыдам таусылды», - дейді инженер Ерік Молдабеков.

Шыдамы шегіне жеткен «Қазақтелекомның» техникалық қызметкерлері бүгін базынасын айтып, басшыларды шақырды. Олардың айтуынша, айлық ақы 80-120 мыңнан аспайды. Ал сыйақы қосылған күннің өзінде, айырмашылық тек 5-10 мың теңге ғана болады. Жоғары білімі бола тұра, жалақыдан таршылық көріп жүргендер түрлі себеппен сенбі-жексенбіде де жұмысқа шығып жүр. Бұл ретте онсыз да қордаланған мәселеге төленбеген демалыс күнінің ақысын тағы қосыңыз.

«Қазақтелекомда» істейді деген приоритет ұмытылып келе жатыр. Мен інілеріме айтсам: «Аға, 80 мың теңгеге мен одан да таксист болмаймын?!» деп күледі», - дейді қызметкер Бақдәулет Құтжан.

«Жастар келмейді. Мұнда істеп жатқандардың көбі, яғни 70-80 пайызы 10 жылдан көп істеп жатқандар», - деді келесі қызметкер Бақыт Қатубаев.

Жиналғандарда талап біреу. Олар «Жалақы мөлшері 100 пайыз қосылсын» дейді. Ал басшылықтың айтуынша, қызметі қиын жұмыста тер төгіп жүрген мамандардың айлығын көтеруге байланысты жұмыс басталып кеткен. Бастысы, көпшіліктің талап-арызы қағаз күйінде жолдануы керек.

«Егер менің қолымда болатын болса, мен әрқайсысын жеке-жеке қарастыруға уәде берер едім. Менің қолымда болмаған соң, талаптарыңыздын бәрін жоғарыға жеткіземін. Жұма күні Нұр-Сұлтан қаласында жиналыста, бастықтың алдында болдым. Жиналыста бастық мәселенің бәрін қарайтынын, оңтайлы шешім тауып беретінін айтты», - деді «Алматытелеком» ӨТД бас директоры Шерхан Раздықов.

«Қазақстан Республикасындағы инфляциялық өсім мен ең төменгі жалақының ұлғаюын ескере отырып, компанияның өндірістік сала қызметкерлерінің еңбекақысын одан ары арттыру мақсатында 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап А8-В6 грейдтері үшін еңбекақы төлеу схемасы қайта қаралады», - деді «Қазақтелеком» АҚ коммуникация департаментінің басшысы Сара Бәкірова.

«Қазақтелекомның» Алматы қаласы мен облысы бойынша филиалында жалпы 2300-ге тарта қызметкер жұмыс істейді. Ал 100 мың теңгеден төмен жалақы алатындар тек белгілі бір топ мүшелері ғана дейді жауаптылар.

Техникалық мамандықтарға жастарды тарту – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Бірақ бұл қызметке жоғары оқу бітіріп келген жастар орналаспайды, айлығы төмен, жағдайы жоқ. Ал бүгін қаланы байланыспен қамтитын мамандар енді нәтиже болмаса, жұмысқа шықпаймыз деп отыр.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы