«Мектепті өз меншігіндей, ұстаздарды өз қызметкеріндей көреді». Осылай деген тараздық тұрғындар мен ұстаздар №43 мектептің директорына ашулы. Жыл басынан соңына дейін ақша жинайды дегендер мектеп басшысының қызметтен кетуін талап етіп отыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Директордың орта мектепте диктаторлық орнатқаны рас па? Жергілікті билік бұған қандай шара қолданбақ?
«Жыл сайын сабақ басталған уақыттан, біткен уақытқа дейін жинайды. Қызметтік бабын асыра пайдаланады. Дөрекі. Қайда барсаңдар онда барыңдар, ешкім ешнәрсе істей алмайды», – дейді. Бұның айтатын сөзі, ұраны – осы.
Бұл Тараздағы №43 мектептің ата-аналары. Олардың айтуынша, білім ошағының директоры «Қит етсе әр баладан қаржы жина» деп, бар мұғалімді қыстайтын көрінеді. «Жыл сайынғы мектептің жөндеу-жұмыстарына ақша жинау дәстүрге айналып кетті», – дейді. Олардың сөзін мектеп ұстаздары да растап отыр. Айдауға көнбеген мұғалімнің артына майшаммен түсетін көрінеді. Мейлі ол жас маман, не 30 жылдық өтілі бар ұстаз болсын, бәрібір. Айтуынша, ауырған адамға емделуге мұрша жоқ. Сырқаттанудың жазасы – жұмыстан қуылу.
«Мұғалімдердің сабақтарына кіреді. Әр пәннің декадаларына 5 мың көлемінде ставкасын қояды. Кім ақша бермесе, соның сабағы нөл деп бағаланады ғой. Әр нәрсені желеу қылып, ақша жинап жататын. Соның есебін бергеніңіз дұрыс еді дедім. Бар айтқаным сол – ұжымның алдында «мен сізді акт толтырып, бүгін статьямен жұмыстан кетіремін. 17-нен бастап жұмысқа келмесеңіз де болады», – деді жәбірленуші Күнсұлу БӨРІМБЕКОВА.
Ұстаздар қауымы мектептегі тәртіпті «диктаторлыққа» теңеп отыр. Олардың сөзінше, мұғалімдерді кез келген сабақтың үстінде шақырып, жиын жасайды екен. Тіпті, декреттік демалыстан шыққан қызметкерге қойылған «ставка» бар көрінеді. Ал бұл деректерді директор басы бүтін жоққа шығарды. Айтылғандардың бәрін жала деп, керісінше, сол сөзді таратқан ұстаздарды сотқа бермек.
«Дыбыстық хабарлама, дәлелдемелермен сотқа жүгінеміз. Сотта дәлелдейтінін дәлелдейді, дәлелдемейтінді өздері біледі. Талапқа сәйкес барлығымызға заң бірдей, сондықтан заңның аясында соттың шешімін күтіміз», – деді №43 мектептің директоры Эльмира ӨМІРБЕКОВА
Бірін-бірі сотқа сүйреген білім ордасының мәселесін шешу үшін шұғыл түрде комиссия құрылды. Жағдай облыс әкімінің бақылауында. Комиссияның шығарған қорытындысын білім бөлімінің басшысынан естиміз. Дегенмен мұны ұстаздар желбуыз жиынға санап отыр. Себебі ұстаздар мен ата-аналардың айтуынша 2017 жылы да дәл осы жағдайда бұл директор №25 мектептен жұмыстан кеткен. Сондықтан қызметке қайта оралған басшыға шағымданушылар жоғарыдан шара қолдануды сұрайды.
Мерей Бает, Жамбыл облысы