Тұншықтырғыш газдан уланған 10 адам көмекке жүгінген
Алмалы ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрттен ешкім зардап шеккен жоқ. Табиғи газды қолданатын баспананың 130 шаршы метрі зақымдалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Өрт сөндіру қызметі оқиға орнына 4 минутта жетіп, 14 минутта жалынды толық өшірген. Өрт фактісі әдеттегіден жиі тіркелетін жаз маусымында қауіпсіздікке баса мән берген жөн. Апатты жайттардың алдын алу үшін бүгін Әуезов аудандық ТЖБ тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізді. Басым бөлігі жатақхана тәрізді тұрғын-жайлар. Оларға көгілдір отын қосылмағандықтан көбінде газ баллонын пайдаланады.
«Уланудың, адам өлімінің алдын алу мақсатында бүгін осындай іс-шара өткізудеміз. Бұл іс-шара алдағы уақытта да, жыл сайын бізде жалғастырылады», – деді Әуезов аудандық ТЖБ аға инженері Асхат Әмірбеков.
Осы тұста ресми дерекке мән берсек, Алматы бойынша 2021 жылы табиғи газдан уланудың 20 жағдайы тіркелген. 3 адам қаза болды. Жалпы 49 адам жапа шексе, соның 29-ы бала. Одан бөлек тұншықтырғыш газдан уланып, қайтыс болған тағы 2 адам бар. Бұл факті бойынша зиян тартқан 24 тұрғынның 20-сы кәмелет жасына толмаған.
Ал биылғы 5 айда табиғи газдан уланудың 13 оқиғасы тіркеліпті. Адам өлімі жоқ, бірақ жапа шеккен 13 адам бар. Ал тұншықтырғыш газдан 10 адам уланып көмекке жүгінген.
БЛИЦ:
«Балаларды жалғыз қалдырмау керек, өрт шыққанда бір бала қалып қойған екен. Оны біреу құтқарып алып шықты. Сол, өте қауіпті», – деді қала тұрғыны Гүлнар.
«Кішкентай балаларға да ескертіп отырған жақсы. Жалғыз тастамай», – деді қала тұрғыны Сәбит Сәтбаев.
«Құдай сақтасын, жаңалықтардан көреміз ғой, қазір өрт көбейіп кетті. Өте қорқынышты. Өзім барынша қауіпсіздік ережесін сақтаймын, немерелерімді газға жолатпаймын», – деді қала тұрғыны Татьяна Ионина.
Мамандар қауіпсіздік ережесін әр үйдің есігін қағып, иесіне жеке түсіндірді. Әсіресе, назарға іліккені – газ баллонын қолданатын баспаналар. Өйткені, газ қолданудағы қауіпсіздік дәл осындай жерлерде ескерілмейтін көрінеді.
Мадина Оқас, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы