Кәсіпорынның құны 32 миллиард теңгеден асқан
Алматы облысының Іле ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу техно-экопаркінің капсула салу рәсімі өтті. Жаңа бой көтергелі жатқан зауыттың күнделікті қуаттылығы 700 тоннаға жетеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келер жылдың 3-тоқсанында іске қосылатын кәсіпорынның құны 32 миллиард теңгеден асқан. Оған субсидиялық бағдарлама мен жеке компаниядан инвестиция тарту арқылы қаржылай қолдау жасалған.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ірі қалаларда мұндай зауыттар салу керек екенін атап өткен.
– Өңдеп, сұрыптап алып, екінші орынға жібереміз. Қалғанын өңдеп, электр қуатын шығарамыз. Қайта өңделген тауарларды қазақстандық компаниялар алады. Болашақта өзіміз де дайын материалдар шығарамыз деп жоспарлап отырмыз, – деді компанияның атқарушы директоры Ерлан Дүйсебаев.
– Қайта өңдейді, сұрыптайды. Оның ішінде 120 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықты сұрыптап, 80 мың тонна органикалық қалдықты қайта өңдеу – жобаның негізгі міндеті. Осындай ірі жобалардың іске асуы болашақта экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан оң өзгеріс береді, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқару департаменті директорының орынбасары Руслан Төкенов.
Оқи отырыңыз: Алматыны көріктендірудің жаңа ережесі: қай жерге көлік қоюға болмайды