Алматыда жыл соңына дейін 5 балабақша пайдалануға берілмек

01.06.2019 00:47

Бүгінде қала бойынша 3 пен 6 жас аралағында 21400 бала балабақша кезекгіне тұр

Олар Түрксіб, Алмалы, Бостандық және Әуезов ауданында ашылады. Қазір алып шаһарда 800-ден астам мектепке дейінгі мекеме бар. Қала бойынша балабақшамен қамту бүгінде 83 пайызды құрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алмалы ауданындағы балабақшаның құрылысы аяқталған. Қазір тек абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Ол 120 балаға арналған. Оған қоса, жыл соңына дейін Түрксіб ауданында – 280, Бостандық ауданында – 270 және Әуезов ауданында – 120 мектепке дейінгі мекеме пайдалануға берілмек.

«Алматы қаласында бүгінгі күнде барлығы 1080 орынды құрайтын 4 балабақша ашылды. Үшеуі  – Алатау ауданында, 320 орынға арналған біреуі – Наурызбай ауданында. Сонымен қатар, 1200 орындық 47 жеке меншік балабақша ашылды», – деп хабарлайды Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі оқыту бөлімінің бас маманы Меркизат НЫҒМЕТОВА.

Қалада мектепке дейінгі мекеме тұрғызу мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында да бой көтеруде. Бұл бөбекжай осыдан 4 жыл бұрын қолданысқа берілген. Оны кәсіпкер өз қаржысына тұрғызыпты. Бөбекжай 216 балаға лайықталып салынған. Мұнда балалар жас ерекшелігіне қарай 9 топқа бөлініп, үш тілде білім алады. Сондай-ақ, спортқа машықталып, шығармашылық тұрғыда шыңдалады. 18 педагог жұмыс істейді.

«Үлкен топтарда, ересек топтарында кроссворд технологиясын пайдаланамыз. Ол жерде бізде бүкіл топтың ішінде әр түрлі суреттер жабыстырылған. Оның астында үстінде суреттің өзі салынған астында қандай суреттің аталуы жазылады. Гүл болса, астында гүл деп жазылып тұрады. Соған қарап, балаға біз кроссворд жасап береміз», – дейді Алматы қаласы № 125 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Арайлым ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ.

Бөбекжайда «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер бар. Осы арқылы ата-ана 18 мың теңгесін үнемдеп отыр. Ал қалада бұл игі бағдарламаның шапағатын 400-ден астам отбасы көріп отыр.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша қазір Алматы қаласында 402 бала қамтылуда. Көпбалалы ата-аналардың ішінде аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіледі. Балабақшаға екі баладан көп баласы барған жағдайда бұл бағдарлама аясында тегін қамтылатын болады», – дейді Алматы қаласы Білім басқармасы мектепке дейінгі оқыту бөлімінің бас маманы Меркизат НЫҒМЕТОВА.

Бүгінгі күні қалада мектепке дейінгі 850-ден аса мекеме бар. Оның 184-і мемлекеттік, ал қалғандары жеке меншік балбақша. Онда 70 мың бала тәрбиеленуде. Яғни қала бойынша балабақшамен қамту бүгінде 83 пайызды құрайды. 3 пен 6 жас аралағында 21400 бала кезекте тұр.

Перизат Көмекбайқызы, Салтанат Шорай, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы