Алматылық кәсіпкерлер нан қалдығынан үй жануарларына жем жасау тәсілін ойлап тапты

18.11.2021 03:19

Ағайынды екі азамат қоқысқа тасталған нанды жинап, оны қайта өңдеуді қолға алған

Almaty.tv

Алматылық кәсіпкерлер қалдық наннан үй жануарларына жем жасау тәсілін ойлап тапты. Ағайынды екі азамат қоқысқа тасталған нанды жинап, оны қайта өңдеуді қолға алған. Олар үш күнде 600 келі жем шығарады. Әлеуметтік жоба тұрғындар арасында үлкен қызығушылыққа ие болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Ағайынды Сәрсеевтер шағын ғана цех жасап алған. Қаладағы қоқыс жәшіктерінде көгеріп, кеуіп жататын нандар сонда қайта өңдеуден өтеді.

Жемді дайындау процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен кепкен нан мынадай аппаратқа түсіп, осында үгітіледі. Әрі қарай үлкен ыдыста араластырылып, арнайы түйіршіктейтін құрылғының көмегімен жануарларға қажетті жем алынады.

Карантин кезінде жұмыстары тоқтаған кәсіпкерлер халыққа пайдасы тиер іспен осылай айналысуды ұйғарыпты. Жобаны Тұрғын үй саясаты басқармасы да қолдап, нан жинайтын жәшіктерді қоятын орындарды бекітіп берген. Қазір арнайы бөшкелер Әуезов ауданында 248 жерге қойылған. Алдағы уақытта қаланың барлық жері қамтылмақ.

«Бір жинап келгенде 100 нүктеден әзірге 600 кг шығып жатыр. Бірақ ақырындап өсіп жатыр. Жұрт та түсініп, өздері бөлек жинап беріп жүр. Үй жануарларына да, сиыр, жылқы, қой, тауыққа да беруге болады. Балыққа да беруге болады», – деді кәсіпкер Бағдат Сәрсеев.

Құнарлылығы бидайдан кем емес өнімнің сапасы мен құрамы да арнайы зертханада зерттеліп, мақұлданған дейді Бағдат Сәрсеев. Ал сары бөшкелер қалалықтар үшін өте ыңғайлы болып тұр. Халық нанды жерге таптағанша, осылай бөлек жинаған дұрыс деген пікірде.

«Кейде шашылып жатқан кезде жүрегіміз ауырады. Бір көтересің, екі көтересің. Бүкіл шашылған нанды көтеру мүмкін емес қой. Ал мына бөшкелер ыңғайлы болды. Бұрынғыдай шашылып жатпайды. Нанның қадірін қазірден үйретпесек, бала кейін оны түсініп, біле қоймас», – дедйі Әуезов ауданының тұрғыны Бота Әлімғазина.

«Бұл – тамаша идея. Маған қатты ұнады. Өйткені көпқабатты үйде нан қалдығын қайда тастауды білмей қаласың. Амал жоқ, қоқыс жәшігіне тастауға мәжбүр боламыз. Нан қалдығының бәрін көгертіп жинап қоя алмаймыз ғой. Негізі, жақсы ойлап шығарған», – дейді тағы бір тұрғын Гүлімай Серікбай.

Кәсіпкерлердің әзірге клиенттері көп емес. Әйткенмен халыққа берер игілігі мол. Алдағы уақытта өнімді кеңейтіп, өндірістің 20 пайызын нанды қайта өңдеуге, қалған 80 пайызын тыңайтқыштар шығаруға бейімдемек. Тіпті, жиналып қалған полиэтиленді де қайта өңдеуді жоспарлап қойған.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы