Аурудан көз ашпаймыз: тұрғындар орталық кәріз жүйесіне қосылған зауыт жұмысына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматы облысы Панфилов ауылының азаматтары бас көтерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Панфилов ауылының азаматтары жақын маңдағы зауыттан келер залал көп деп шағым айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Зауыттан зиян шектік деген дүйім ел бүгін халықтың мазасын алған кәсіп нысанына басып кірді. Сабыры сарқылған азаматтар қатты қағаз шығаратын орыннан жағымсыз иіс шығатынын айтып, шағымданды. Олар зауыт басшысының сыртқа шығуын талап етті. Халық тағы да жабық есік артында арызын айтуға мәжбүр. Өйткені жекеменшік аумаққа кіруге болмайды.

Нысанның кәріз құбыры да ауыл ортасынан өтеді. Қысымы қатты болғасын құбыр жиі жарылып, тұтас жолды лас су басып кететін көрінеді.

– Жағымсыз иіс, экспертиза жүргізіп, ауыр элементтер табылды. Мүдектігі бар сіңілім, 2 жастағы қызым бар. Жаз-қыс демей, апта сайын аурудан көз ашпаймыз, – деді ауыл тұрғыны Айдана Шырынбек.

О баста зауыттың қалдық төгетін жеке шұңқыры болған. Алайда кейін жергілікті билік өкілдерінен рұқсат алып, орталық кәріз құдығына қосылып алған көрінеді. Оған дәлел ретінде құжаттарын да көрсетті, бірақ жиналған ел оны місе тұтпады. Ауласындағы бақшаның солып қалғанын да осы зауыттан көріп отыр.

– Адам уланып өлуі мүмкін. Қазір қорқып отырмыз. Құбырын дұрыстап салмай ма? – деді ауыл тұрғыны Тұрдақын Төлешов

Ал көпшілік алдына келген әкім мәселенің барын растап отыр. Ақжағалының айтуынша, зауыттың орталық кәріз жүйесіне құжат тапсырғаны рас. Ал зақым келген құбырларды жөндейтінін айтқан әкім кәсіпорын көшуі де мүмкін деп айтып қалды.

– Жобасы толық келісілген, жұмыстары жүргізілген. Бірақ кәріз жарылды. Әкім болғаныма бір жыл болды, кәріз жүйесі сегіз рет жарылды. Басшылары ауыл сыртынан зауыт саламыз деп, қарастырып жатыр. Бұлар картон қағаз өндіріп, басқа жерлерге өткізеді. Заңды 4 тұлға бар, – деді Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев.

– Кәріз жүйесі жарылып, айыппұл төледік. Макулатура келеді, химия қолданбаймыз. Сол бар шикізатты қолданып, қағаз шығарамыз, – деді зауыттың заңгері Салтанат Үмбетәлиева.

Бүгін мәселе мақұлмен де, ақылмен де шешім таппады. Тек бір амалын табамыз деп ауыл әкімі қысқа қайырды. Ал халық бұл зауыттың зияны тек елдімекенге тимейді, маңайындағы өзенге де қалдық су төгілуі мүмкін деп болжап отыр. Енді тұрғындар сынама алу үшін санитарлық бақылаушыларға да арыз түсірмек.

Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Павлодардағы мектеп асханаларында тамақтан құрт шықты

Новости партнеров