Мәңгілік ел алыптары: Бауыржан Момышұлының майдандағы ерлігі жайында

08.05.2021 00:47

Соғыстан кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан батыр бабамыздың сөздері де, әскери тактикасы да құндылығын жоғалтпас асыл қазынамызға айналды

Фото: ашық дереккөзден

Тік мінезді, өткір көзқарасты, жалпы нағыз қазақ батырының қасиеті бойынан табылған Бауыржан Момышұлының қан майдандағы ерлігі ел есінде мәңгі сақталып қалды. Соғыстан кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан батыр бабамыздың сөздері де, әскери тактикасы да құндылығын жоғалтпас асыл қазынамызға айналды. Тіпті, ресми түрде дәл осы күні 1992 жылы құрылған  Қарулы күштеріміздің әскери мәдениетін нығайтуда Бауыржан Момышұлының жазбалары оқулық ретінде қолданылып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кеңес Одағының батыры, жазушы, әскери жауынгер Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысының Көлбастау ауылында дүниеге келген. 1932 жылы әскери қызметке шақыру алып, 14-ші тау атқыштар полкінің курсанты болды. 8 жыл әскери мәдениетті жетік меңгеріп, 1941 жылы генерал-майор Иван Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясымен майданға аттанады. Талай ұрыста сарбаздарын жеңіске жетелеп, сол дәуірдің ақиқаты мен аңызына айналды.

«Біздің өміріміз өте қиын жағдайда болды. Әсіресе, бәрін айтып бірін айт дегендей Ұлы Отан соғысы. Адам тарихындағы бірінші үлкен соғыс. Адамзаттың тарихындағы. Соған біздің ұрпақтар қатынасты. Жаңа айттым ғой, сол кезде мен жап-жас жігіт едім. Соғыстың аяғында 35-те болатынмын», — деген Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы.

1941 жыл. Батальон командирі ретінде аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі шайқаста 207 рет ұрысқа қатысады. Сол жылдың 16-18 қараша күндері вермахтың Мәскеу бағытында екінші мәрте жасаған жорығы кезінде Момышұлы бастаған батальон Волоколамск тасжолында асқан ерлікпен ұрыс жүргізді. Білікті комбаттың басшылығымен 3 күн бойы фашистер шабуылын тойтарып, шебер тактиканың арқасында қоршаудан шығады. Дәл осы жеңіс үшінші рейхтің әскери мамандарын психологиялық дағдарысқа ұшыратты.

«Дегенмен, Момышұлының осындай ерлігі кейіннен өзі жараланып еліне қайтқаннан кейін ескерусіз қалды деп айтуға болады. Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғанымен оны Кеңес Үкіметі қолдаған жоқ. Яғни, оның азият екендігі, сондықтанда оның мінезі тік екендігі, ешқашан ешкімнен қаймықпай, өзінің ойын ашық айталатыны себепті Кеңес басшыларына жаққан жоқ», — деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының орынбасары Әуезхан Шашаев.

Волоколамск тасжолындағы әр сарбаздың ерлігін, әсіресе Бауыржан Момышұлының кемеңгерлігін Александр Бек "Волоколамское шоссе" повестінде шебер суреттейді. Кубаның көсемі Фидель Кастро дәл осы жазбаны оқи отырып, Момышұлын пір тұтақан. Тіпті намысұлын өз еліне шақырып, дәріс беруін сұрайды. Бүгінде Кубада әскери шен бермей тұрып, міндетті түрде Бауыржан Момышұлының соғыс тактикасын үйретеді. Ал Қазақстан Республикасының әскері үшін Халық қаһарманының әр жазбасы әскери мәдениеттің оқулығына айналды.

«Бауыржан Момышұлының әскери тактикасы әлемдік деңгейде зерттеліп, сол жылдардың өзінде Кеңес Үкіметінің құжаттарына сақталды. Қаһарманымыздың Мәскеу шайқасында қолданған әдісі талайды таңғалдырды. Бауыржан Момышұлының әскери тактикасы Қазақ Ордасы тұсындағы хандар қолданған тәсілге ұқсайды. Момышұлының әскери мәдениетін заманауи тактикалармен ұштастырып, сынақтан өткізіп жатырмыз», — деді әскери қайраткер, генерал-майор, «Құрмет» оденінің иегері Махмұт Телеғұсов.

Соғыс жылдарынан кейін Бауыржан Момышұлы алаш баласының асыл міндетін іске асыруға кірісті. Қазақ әдебиетін орыс тіліне, орыс әдебиетін қазақ тіліне аударды. Өзіндік ойларын, қоғам тынысын газет беттеріне жазып көсемсөзге үлес қосты. Жастармен жиі кездесіп, саналы ұрпақты батырлыққа тәрбиеледі. Нағыз қазақ азаматының үлгісін көрсетті. Өз есімін ұлт жадына мәңгі сақтап кетті.

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы.