«Өмірді сүй»қоғамы ұйымдастырған шарада 80 оқушыға мектепке керек-жарақтар табыс етілді
Арнамыздан жәрдемге мұқтаж көпбалалы аналарымыз туралы бейнематериалдар көрсетілгеннен кейін оларға қол ұшын созғысы келетіндер табылды. Солардың бірі «Өмірді сүй» қазақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі балаларды мектеп керек-жарағымен қамтамасыз етсе, Болат ақсақал су жаңа арбасын мүгедек анамызға беруді жөн деп тауыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Өмірді сүй» қазақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастырған «Білімге құштар балдырған» атты қайырымдылық шарасында 80 оқушыға мектепке керек-жарақтар табысталды. Олардың арасында арнамыздан әр бейсенбі шығатын «Мейірім мекені» айдарының кейіпкерлері де бар. Сыздықовтар мен Зәкіровтер отбасының балалары бір қуанып қалды.
«Бұл іс-шара негізінен бүлдіршіндерге арналған. Олардың бетінен қуаныш көру бізге де үлкен бақыт. Сол себепті іріктеп таңдаған жоқпыз, кім көмек бергісі келеді, кімнің қолынан не келеді, сол бойынша ерікті болып көмектесіп жатыр», – деді «Өмірді сүй» қазақ мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айсұлу МҰСАНОВА.
Қайырымдылық кешінде көрермендерге өнер жұлдыздары әсем әндерін паш етті. Шараға қонақ болып шақырылғандар мүмкіндік жібермей бірден келіскендерін айтады.
«Мен осыны естіген кезде бірден келістім. Әрине, біз мейірімді болуымыз керек, қайырымды болуымыз керек. Сондықтан осындай іс-шаралардың көбейгені құба құп дер едім», – деді тұрғындардың бірі қуана.
«Адам өзі қуанышқа зәру, мейірімге, жылулыққа зәру келеді. Сондықтан осындай зағип жандардың қасында жиі болып, керемет осындай қуанышты сәттерді бірге бөліскенді қалаймын», – деді екіншісі.
Бұдан бөлек, алматылық Болат Мылтықбайұлы мүгедек көпбалалы ана Айжанға су жаңа арбаны тарту етті. Зейнеткер болса да қайырымдылық жасау үшін жыныс пен жас ерекшеліктің қажеті жоқ дейді ақсақал.
«Алматы» телеарнасынан мүгедек адамды көрсетті, балалары бар екен, көмек сұрады. Көмек сұрағаннан кейін біз қарап отырғымыз келмеді. Зейнеткер болсақ та, қолымыздағы барымызды бергіміз келді. Осы арбаны қызыма берейін деп отырмын. Әрбіріміздің басына түсуі мүмкін іс қой бұл», – деді зейнеткер Болат МЫЛТЫҚБАЙҰЛЫ.
Болат атаның берген арбасы мен «Өмірді сүй» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің балаларға арнап берген мектепке қажетті керек-жарақтарын қазір Зәкіровтар отбасына табыстайтын боламыз. Енді бәраз уақыт бойы сыртқа шықпаған Айжан осы арбамен емін-еркін қозғалып, үй тіршілігін де жасайтын болады. Ал балалар ұялмай мектепке барып қажетті ілімді алатын болады.
Айжан еш уайымсыз бір жастағы қызыма енді өзім бас-көз боламын деп отыр. Бұрынғы арбасының ескілігінен пәтерде қозғалуы қиын болғанын айтып, жаңасын тарту еткендерге алғысын жаудырды.
«Өмірді сүй» қоғамына көптен көп рахмет. Сонымен қатар мына Болат атаға үлкен рахмет. Ұзақ жасасын, арба сыйлағаны үшін алғысым шексіз. Рахмет көп-көп, Алла разы болсын!», – деді көңілі толқып кеткен Айжан НҮКЕЕВА.
Енді Айжанда жаңа арман мен мақсат пайда болды. Балаларын аяққа тұрғызып, жаңа пәтер алуға қам жасау, екіншісі дертінен айықтыратын білікті дәрігерді табу.
Азамат Әуезхан, Валерий Таубалдиев, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы