Алматыдан мерзімі өткен құжаттармен ұшуға рұқсат етілді. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Карантин кезінде жаңа төлқұжат алу біршама қиындау болғандықтан, мекеме басшылығы осындай шешім қабылдаған. Жолаушылар қандай ережелерді сақтау қажет, ұшақтар арнайы санитарлық тазалаудан қалай өтіп жатыр?
Алматы халықаралық әуежайының ашылғанына екі апта болғанымен, мұнда келушілер қатары көбеймей отыр. Ұшу аймағына енді тек ұшып-келу орталық шығаберісі арқылы өтуге болады. Қаладан ұшатындар мұқият тексерістен өтеді, дене қызуын өлшейді. Ал Алматыға келушілер ұшар алдында мұндай тексерістен өткендіктен, қайта тексерілмейді.
«Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, 11-інен бастап ПТР өту туралы анықтама сұратылмайтын болды. Бұл экипажға да, әуежай қызметкерлеріне де қатысты», – деді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ баспасөз хатшысы Наталья СОКОЛОВА.
Ұшу кезінде COVID-19 індетін анықтайтын ПТР-тесттін алып тастауды өткен аптада Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі ұсынған еді. Ал 7 мамырдан бастап жолаушылардың ұшақта отыру ережесі де өзгертілді. Қонғаннан кейін барлық әуе кемелері мұқият тексерістен өтеді: экипаж кабинеті, жолаушылар салоны, дәретхана бөлмелері, орындықтар, қауіпсіздік белдіктеріне дейін тазартылады.
«Үкімет әуе кемесі бортында әлеуметтік ара қашықтықты сақтау және COVID індетін анықтайтын тестілеу талаптарын жою ұсынысын қабылдады. Десе де әуе кемесі тазалаудан өтіп, қызметкерлер мұқият тексеріледі», – деді «Air Аstana» ҰӘК корпоративтік коммуникациялар бойынша менеджері Тілек ӘБДІРАХИМОВ.
Ал осыдан бірер күн бұрын ішкі рейстер ауқымы кеңейді. Енді Ақтөбе, Павлодар, Тараз, Қарағанды, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай қаласына қатынауға болады. Барлық рейстер әуе тасымалдаушылардың ресми сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.
Сая Меңдеке, Татьяна Ким, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы