Сарапшылар алдағы уақытта препараттарды тасымалдау бойынша мәселелерді шешу керек екенін айтады
Елімізде дәрі-дәрмек бағасы қымбаттауы мүмкін. Energyprom агенттігінің сарапшылары Ресей мен Украинадағы жағдай отандық фармацевтика саласына айтарлықтай әсер ететінін болжауда. Өйткені нарықтағы тауарлардың 85 пайызы – импорттық препараттар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шетелден жеткізілетін дәрі-дәрмектің үлесі Ресей, Украина мен Беларуське тиеселі екен. Сондықтан Қазақстан нарығына дәрілерді тасымалдауға қатысты бірқатар қиындық туындаған.
«Бізде екі үлкен аймақ бар. Алматы облысы, оның ішіне Алматы қаласы да кіреді және Шымкент қаласы – біздегі фармацевтика саласында 66 пайызға импортты тұтынатын, қабылдап алатын аймақтар. Фармацевтика саласында дәрілердің қымбаттауы байқалады. Қарапайым «Хилак-Фортенің» 42 пайызға өсуі деген сияқты», - деді қаржыгер Жалғасбек Ақболат.
Сарапшылар алдағы уақытта препараттарды тасымалдау бойынша мәселелерді шешу керек екенін айтады. Дәрі тапшылығын болдырмауға алдын ала жасақталған тұрақтандыру қорлары да оң әсерін береді. Дегенмен қала дәріханалары мен тұрғындары дәрі тапшылығын әзірге сезіне қоймаған сияқты.
«Енді барлық тауар Ресей мен Украинадан ғана келмейді. Ресей мен Украинадан келетін препараттарды өзіміздің Қазақстаннан шығатын, болмаса басқа мемлекеттерден шығатын препараттармен алмастыруға болады. Сондай-ақ бізде қазір баға көтеріліп, дәрілердің тапшылығы ондай ештеңе болып жатқан жоқ», - деді фармацевт Назерке Айтжан.
«Дәрінің бағасында өте қатты өзгеріс жоқ. Бірақ кейбір дәрілердің бағасы қымбаттап жатыр. Өзгерістер бар. Қазір нақты айта алмаймын. Аттарын ұмытып қалдым, соңғы алған дәрімде кішкене өзгеріс болған», «Әлемде бүкіл баға көтеріліп жатыр. Себебі шикізаттың бәрі Ресейде өндіріледі ғой. Сондықтан көтеріліп жатыр. Соған енді біз түсіністікпен қарауымыз керек», - дейді тұрғындар.