«Тасыған қайратымен жауға атылған. Ері кетіп, шер байланса - ел жетім». Батырлардың азалы қайғысына күллі елмен бірге мәслихат депутаттары да күңіренуде. Тосыннан келген тілсіз жау айбары астам ерлердімізді алып, қаншама шаңырақты шайқалтып кетті, деп жазды Almaty.tv.
Ендігі міндет - олардың ерлігін ұлықтап, бірдей бір азаматынан айырылған отбасыларына демеу болу дейді ел қалаулылары. Парламент мәжілісінің депутаттары келмес сапарға кеткен батырлардың есімдері тарихта алтын әріппен жазылуға лайық екенін айтты. «Мынау бейбіт заманда көк байрығымыз енді төмен түспесін» деген тілегін білдірді.
«Әскери азаматтарымыздың бейбіт күнде осындай қара жамылуымыз ел үшін ұлт өміріндегі ең бір ауыр кезең. Сондықтан бірінші, опат болған жандардың әулетіне, отбасыларына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Себебі оларға осы күндері бүкіл халықтың қолдауы айрықша қажет», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан.
Қалалық мәслихат депутаты суыт хабарды аса күйінішпен қабылдаған. Жамбыл облысының тумасы әскери қоймадағы қызыл жалынды ауыздықтау кезінде мерт болған, бүгінгі Халық қаһарманы Мейіржан Аймановпен бір мектепте білім алыпты.
«Осы хабарды ауыр қабылдадым. Өйткені кейбір балалармен, кісілермен бірге оқыған едік. Мысалы, Мейіржан Аймановпен бір мектепте оқыған едік. Ол кісі «А» сыныбында мен «Б» сыныбында оқығам. Көз жұмған кісілер - бүкіл еліміздің, жеріміздің батырлары, қаһармандарымыз», – деді қалалық Мәслихаттың депутаты Махамбет Хансенов.
«Қаза тапқан әскерилердің отбасылары мен туыстарына қайғыларымен ортақтасып, көңіл айтамыз. Ал, жарақат алған әскерилерге тезірек оңалып, отбасыларына оралуын тілейміз», – деді қалалық Мәслихаттың депутаты Райхан Бөлекбаева.
«Марқұмдардың артында қалған жанұялары мен жарылыстан зардап шеккен жандардан көмегімізді аямаймыз». Осылай деген этномәдени орталықтардың өкілдері де жамбылдақтырмен бірге екенін жеткізді.
«Қайтыс болғандардың Алла имандарын саламат қылсын. Жатқан жерлері жұмақ болсын. Ұрпақтарына біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Олар «барлық жағдайды жасаймыз, үйі жоқтарға үй береміз» деді. Солардың қатарында біз де ұйғыр этномәдени орталығы да көмегімізді аямаймыз. Біз Жамбыл халқымен біргеміз», – деді ҚР Ұйғыр республикалық этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Долқынтай Абдухалилұлы.
Олар шепте шегінуді білмейтін арыстай азаматтар еді. Қайратты батырлардың айбаты елдің көкейінен өшпейтіні сөзсіз.
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы