LIVE: Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері оқиғаның қалай болғанын айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Тараз қалалық №1 ауруханада 28 адам ем қабылдап жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы әскери қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталған қоймада бүгін тағы да жалын көтерілді. Бұл туралы Қоғаныс министрлігі хабарлады. Оқиға орнында зардап шеккендер жоқ. Себептері анықталып жатыр. Тараздағы қазір ахуал қалай? Ауруханадағы емделіп жатқан науқастар саны қанша? Бұл сұраққа Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын жауап береді. Ол тікелей байланысқа шығуға дайын.

- Рақмет, студия. Қазір біз Қайнар ауылына жақын жерде тұрмыз. Жарылыс болған әскери қойма менің ту сыртымда шамамен бір шақырым жерде орналасқан. Бүгін шамамен 12.00 шамасында сол аймақтан тарс еткен дауыс естілді. Артынша жалын көтерілді. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің орынбасары Руслан Шпекбаев та үйінді астында жарылмай қалған бөліктері болуы мүмкін. Десе де  бұдан кейін жарылып, қандай да бір от тұтанған жағдайда оның тұрғындарға қауіптілігі жоқ деп айтқан болатын.

«Қазіргі таңда жөндеуді қажет ететін жүз он сегіз жылжымайтын мүлік анықталды. Оның ішінде жүз алтысы тұрғын үйлер. Он екісі комерциялық нысандар бар. Жүз алты тұрғын үйдің ішіндегі отыз бес тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуіміз керек. Қалған жетпіс біріне келген зақымдар күрделі емес. Негізінен барлық қалпына келтірілетін жұмыстар үкіметтен берілетін қаржы есебінен жасалады, оған қосымша жергілікті бюджеттен, одан кейін өзіміздің өңіріміздің демеушілерін тартатын боламыз», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ауруханадағы ахуалға тоқталайық, қазір Тараз қалалық №1 ауруханада 28 адам ем қабылдап жатыр. Жағдайлары қалыпты. Ал, 4 науқас жансақтау бөлімінде. Қажетті ем шараның барлығы көрсетіліп жатыр деді облыстың бас дәрігері.

«Науқастарды емдеуге 32 дәрігер жұмылдырылды. Оның ішінде комбустиолог, травматолог, анестезиолог, нейрохирург және 16 орта буын қызметкері бар. Бізде қажеттілік болса, тағы да мамандарды тартуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда жағдай орташа ауыр деп бағаланады», – деді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ем қабылдап жатқан науқастармен де тілдестік. Олардың айтуынша, жаралыс болған кезде жарақат алған. Содан кейін ауруханада естерін жиыпты.

«Біз оқиға орнына екінші есікпен бардық. Бұйрық күтіп көліктің қасында тұрғанда жарылыс болды. Жағдайымыз жақсарып келеді. Емделіп жатырмыз», – деді Байзақ аудандық Өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Бақыт Есенқұлов. .

«Мен қарауыл бастығы болғандықтан көлік жүргізуші мен өрт сөндіруші үшеуміз сол жерге бірінші болып бардық. Бізге «арт жағымен барыңдар» деді. Біз қойманың артына қарай кетіп бара жатқанда жарылыс болды. Содан кейін есімді білмеймін», – деді Байзақ ауданы  №8 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Асыл Мұхаммеджанов.

Новости партнеров