|
26.07.2023 | 19:49
3135

Алматы облысында 100-ден аса отбасы тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы

Басқарма тарапынан аталған компанияға құрылысты тоқтату жөнінде хат жолданған

Алматы облысында 100-ден аса отбасы тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы Almaty.tv

Алматы облысында жүздеген отбасы тұрғын үй кешенінің құрылысына қарсы. Тұрғындардың айтуынша, жер үйге жақын салынып жатқан ғимарат заңдық нормаларды өрескел бұзып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Баспана базынасын айтпақ болып бас көтерген бесағаштықтардың таңы күзетпен текетіреспен басталды. «Қаңылтыр қоршаудың арғы жағындағы құрылысқа қарсымыз» деген халықтың талабы, назарға ілінбей келе жатқанына да жылдар болыпты.

– Біздің үйдің алдынан 4 метр жерден үй салып жатыр. Ол жерде бір ғана машина өтетін жол бар. 12 этаждықтан 16 үй салып жатыр, – деді облыс тұрғыны Майра Ешмағамбетова.

– Бесағаш, Думан сейсмикалық ауданға жатады.Бұлар жер сілкінісіне бейім. Ортасынан құмырсқаның илеуіндей жақын-жақын үйді салып жатыр, – деді облыс тұрғыны Әмина Жанғазиева.

Жер үйге жапсарлас түскен тұрғын үйге қарсылық танытқан халық «облыс әкімнің өзі құрылысты заңсыз деп таныған» дейді. Алайда тұрғын үй кешенінің жұмыстары жалғасып жатыр. Тіпті құрылыс алаңында кранның да тұрғанын байқауға болады.

– Марат Сұлтанғазиевке қолына қолма-қол арыз тапсырғанмын. Бізде бейне таспа бар. Ол кісі келіп жаңағы құрылыс жұмысын тоқтатуға пәрмен берген. Бірақ ешкім тыңдамай отыр. Ол артымыздағы пәтерлерді сатар кезде, қарама-қарсы мектеп пен балабақша, әлеуметтік ғимарат түсетінін айтқан, – деді заңгер Нарынғали Жұмабаев.

Арызын арқалаған азаматтар, облыс басшының назарына құрылысқа қатысты құжаттарды жіті тексеру керегін де жеткізген екен. Түнімен тасыр-тұсыр тас төгіп, жүк көлігінің көбейгені де көпшіліктің күмәнін тудырып отыр.

– Жоспар бойынша 9-12 қабат үйлер түспек болған. Ол жақта халықтың тығыздығы басым. Сондықтан су мен жарық, инфрақұрылымға жүктеме көп түседі. Ол құрылыс компаниясы 1000 ға жуық пәтер салмақ болған. Бірақ біз әзірге уақытша құрылысты тоқтатып қойдық. Тұрғын үйдің қанша қабат болатыны белгісіз? Қазір келіссөз жүріп жатыр, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев

Ал аталған құрылысқа жауапты компанияның өкілдерінің айтуынша, жұмыс заңға сай атқарылып жатыр. Тұрғындар алдында сөз алған тарап, құрылыс жұмыстарының уақытша тоқтап қалғанын растады. Алайда қазір қайта жанданып жатқанын айтады.

– Бізде әкімдікпен меморандум бар. Біз үй салып болғаннан кейін 3000 кв балабақша және 500 адам қабылдайтын емхана саламыз. Бізде құжаттың бәрі бар. Экспертизадан өттік. Енді біз не дейміз? Ешқандай заң бұзған жоқпыз, – деді құрылыс компаниясының заңгері Нұрлан Жұмабеков.

– Аталған тұрғын үй кешенінің құрылысы 2022 жылы басталған. 2022 жылы бас жоспарға сәйкес аталған жер телімінде көпқабатты тұрғын үй кешені көрсетілген. Алайда Талғар ауданы прокуратурасының наразылығымен Талғар аудандық мәслихаты бас  жоспардың күші жойды. Сол себепті құрылыс жұмыстары белгілі бір уақытта тоқтатылған болатын. Осы жылдың маусым айында «Тайм Груп» компаниясы басқарма тарапына құрылыс жұмыстарын бастау туралы хабарлама түсірген. Келіп түскен өтініш кері қайтарылды. Яғни қазіргі таңда аталған компанияда құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілген құжаты жоқ, – деді Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Данияр Бақтияров

Сонымен қатар басқарма тарапынан аталған компанияға құрылысты тоқтатсын деген хат жолданған екен. Алайда құрылысты жалғастырғаны үшін жауапты компанияға қатысты іс Алматы облысының Экономикалық сотына жолданыпты.

Әлібек Шынтемір, Жақысылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда жүк көлігі қағып кеткен жасөспірім қыздың жағдайы белгілі болды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир