Алматылықтар қоғамдық көліктердің қайтадан жарысып жүргенін айтып шағымданған. Оқыс оқиғаның бірі әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Видеода жолаушы жүргізушіге жай жүріңіз деп өтінсе, соңғысы оған құлақ аспай жоғары жылдамдықпен жүре берген. Куәгерлердің сөзінше, соның салдарынан бірнеше көлікпен де соқтығыса жаздапты. Тіпті, өзге автобустармен жарысып, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен, одан қалды аялдамаға да тоқтамаған көрінеді. Ал жолаушылардың наразылығы үдей түскенде, тежегішті кенеттен басып жіберіп, жолаушы әйелдің қолындағы баласы құлап кетіпті.
«Думан транс» компаниясының мәлімдеуінше, 11-бағыттағы автобустың рөлінде болған ер адам 2010 жылдан бері жұмыс істейді екен. Десе де келеңсіз жағдайдың орын алуына 23-бағыттағы қоғамдық көлік кінәлі дейді компания өкілдері. Себебі ол 11 бағыттағы автобусқа аялдамаға тоқтауға мүмкіндік бермей, апаттық жағдай тудырыпты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жұмыс уақыты аяқталған соң, бейнебақылау камералары тексерілетін болады.