Соңғы 20 жылда Алматыда 167 миллиард теңгені құрайтын 30 жолайрық салынған екен
Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту арқылы тұрғындарға жайлы жағдай жасалмақ. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс барысымен танысып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі..
Бүгінде тұрғындардың көлік кептелісінде тұрмай, діттеген жеріне тез жету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Соның бірі – Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылысында орналасатын жолайрығы. Құрылыс жұмыстары аяқталса, Сейфуллин даңғылындағы көліктерді өткізу қабілеті 10 пайызға, Жансүгіров көшесінде 15 пайызға артады.
«Қазір солтүстік бағытқа біз тек осы Сейфуллин даңғылы арқылы ғана қатынаймыз. Басқа жол жоқ. Көліктердің барлығы осы қиылысқа дейін кедергісіз келеді да, тап осы жерге келгенде бағдаршамда кептелісте тұрып қалады. Сондықтан егер бұл жолайрықты аяқтасақ, онда солтүстік аудандар мен орталықтың екінші тынысы ашылады», – дейді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық ТЕЛІБАЕВ.
Жалпы, соңғы 20 жылда Алматы қаласында 167 миллиард теңгені құрайтын 30 жолайрығы салынған екен. Қазіргі таңда 6 құрылыс жұмыстары, яғни 4 жолайрық пен 2 көшені созу жұмыстары жүріп жатыр.
Сондай-ақ биыл 179 жасанды құрылымның 138-іне сараптама жүргізіліпті. Ал, 2000 жылға дейін салынған 77 көпірге сараптама жүргізілген болатын. 2017-2018 жылдары апаттық деп танылған 7 көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы Алматы қаласындағы жолайрық қабырғаларындағы керамикалық тақтайшаларды сылаққа ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.
Азамат Әуезхан, Рашит Шүкірәлиев, Мадияр Кенжебек, «Алматы» телеарнасы