Мәжіліс депутаттарын сайлау тікелей өзімізге байланысты

26.01.2023 00:49
baq.kz

Елімізде болып жатқан реформалардың нүктесін қоятын Мәжіліс депутаттарын сайлауы. Қоғам қайраткерлерінің айтуынша, реформаның іске асуы тікелей өзімізге байланысты. Сол себепті қазақстандықтар белсенді атсалысуы керек.

«Биылғы Мәжіліс депутаттарын сайлауға үлкен өзгерістер енгізіліп отыр. Оның ең бастысы 70 пайызы партиялық тізіммен сайланады. Ал 30 пайызы бір мандаттық округтен сайланады. Бұл - басты ерекшелігі, бұрын мұндай болмаған. Бірте-бірте сол бір мандаттық жүйеге көшуіміз мүмкін. Соған кезең-кезеңімен келе жатырмыз», – деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып.

Елде елеулі өзгеріс көп. Ал елдің дамуы сол заңды қалыптастыратын Мәжіліс депутаттарына тікелей байланысты.

«Депутаттыққа кандидаттардың ішінен өз қалаулыларымызды таңдап алу үшін біршама өзгерістер енді. Жағымды өзгерістер. Мысалы өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар. Одан кейін, бұрынғы қимыл-қозғалыссыз қалып қойған кейбір қоғамдық ұйымдарды сайлауға өз адамдарын ұсынудан алып тастап отыр. Оның өзі де үлкен құбылыс. Бұл көпшіліктің пікірімен санасу деп ойлаймын», – деді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Байғали Есенәлиев.