Пластикалық отадан кейін көз жұмды

11.07.2024 00:49

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды

Almaty.tv

Алматыда артық салмақтан арыламын деп ота жасатқан 47 жастағы әйел көз жұмды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Марқұмның туыстары өлімге нақты ненің себеп болғанын білмейді. Қылмыстық іс әділ жүрсін деген жанашырлары дәрігерлер мұндай қауіп барын айтпады деп отыр.

5 шілдеде қаладағы жеке емханалардың бірінде денесіндегі артық майды алдырып тастау үшін барған Құралай Батырханның артында 3 ұлы қалды. Келіншек 8 шілдеде болатын туған күнін жаңа дене пішінімен тойлағысы келген. Бірақ тойлатудың орнына денесін құшақтап қалдық деп зар жылаған марқұмның туыстары отаны жүргізген дәрігерлерге кінә артып отыр.

- Неге айтпайды? Осындай жағдайлар болуы ықтимал деп неге ескертпеді? Мұндай жағдайлар 90%-дың 2%-да болуы мүмкін деп айтпады. Бұл жерде отадан соң 2 сағаттан кейін жолдасыңыз алып кетеді деп айтқан. Жүрегі тоқтап қалғаны анықталатын болса, дәрігерлерден жауапкершілік толығымен алынып тасталады, - дейді марқұмның сіңілісі Гүлнәр Батырханова.

Марқұм құны 2 миллион теңге тұратын пластикалық отаны жасатқызатын емхананы ұзақ таңдаған екен. Әлеуметті желілер арқылы сіңілісімен бірге ең үздік деп саналатын жеке медициналық орталықпен келісімге келген. Алдын ала ешқандай ауру-сырқаты жоқ екенін нақтылайтын толық тексерістерден өткен. Осылайша, ота жасалатын күні таңғы сағат 7.00 шамасында операцияға кірместен бұрын суреттерін жіберіп, бауырларымен, жолдасымен сөйлескен.

- Клиникаға хабарластым. Олар "ота сәтті өтті, уайымдамаңыздар, ертең таңға дейін бақылауда болады, сосын жібереміз" деп айтты. Абысыны қоймай, күзетшілердің тосқауылын бұза-жара кіріп еді, палатаны жуып жатыр екен. Астына 1 сағат бұрын алып кетті депті. Екінші есікпен шығып мәйітханаға апарған, - дейді марқұмның сіңілісі Сәулет Батырхан.

Отадан шыққаннан кейін келіншек жолдасына бәрі дұрыс екенін, бірақ басы айналып тұрғанын айтып, аудиохабарлама жіберген. Дегенмен осыдан кейін марқұммен байланыс үзілген.  

- Мен олардың сеніміне кіріп, оны ақтай алмағаным рас. Негізі науқас алдын ала толық тексерістен өткен. Ота еш қиындықсыз өтті. Дегенмен түстен кейін науқаста асқынулар байқала бастады. Өлімнің нақты неден болғанын тек толық аяқталған сараптама арқылы ғана білуге болады, - дейді пластикалық хирург Данияр Урмурзин.

Артылған үмітті ақтай алмадым деген дәрігер жаназа күні марқұмның үйіне бас сұққан. Ал Полиция департаменті дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Адам өлімінің себеп-салдарын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалған. Содан кейін ғана процессуалдық шешім қабылданатын болады.  

Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қарақұрт шаққан атыраулық жеткіншектер ауруханадан шықты