Жер сілкінісі Алматы облысы бойынша 44 нысанға зақым келтірген

26.01.2024 19:44

Мамандардың айтуынша, барлық нысан қатаң қатаң тексерлуі тиіс

Almaty.tv

Жер сілкінісінен кейін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қазақстан орта мектебінің қабырғасында бірнеше үлкен жарық пайда болып, едені екіге бөлінген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алайда білім ордасы ескі деуге келмейді. Өйткені 2015 жылы қолданысқа берілген. Мемлекеттік бағдарламамен салынған мекемеге Төтенше жағдай басқармасы мен жергілікті әкімдік тексеріс жүргізді.

Қаладан қашықтау тұрған Қайыпов ауылындағы нысанның төбесі ортасына түсуге сәл-ақ тұр. 320 балаға арналған білім ордасы 320 балаға арналған. Бірақ мәселе асхана басшысын алаңдатпайтын секілді. «Бүлінген бөлмеге кірмейміз» деп, есігін бекітіп қойған. Бірақ 3 жұмысшы жалдап, 500 бала мен 93 қызметкерді тамақтандыратын кәсіпкер ғимараттың сапасыз екенін жасырмады.

– Біз осы жерде жүреміз,  ол бөлмеге кірмейміз, жауып тастадық, – деді асхана басшысы Ләззат Әметова.

Асхана басшысы кәсібім тұралап қалмасын деді ме, әйтеуір мектепті жабуға болмайды деп бұлдады. Алайда білім ордасына бас сұққан  төтеншеліктер ғимараттың осы бөлігі тым қауіпті деп отыр.

Мектеп директоры бұған дейін де мәселенің барын айтып, білім бөліміне жеткізген. Өйткені о баста қабырғадағы жарық кішкене болған. Алайда Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімі әрекет етпеген. Тіпті құжат жүзінде жолданған қауіпті қабырғалардың актісін де назарға алмаған көрінеді.

– Негізі 3-4 жыл бұрын 3 см жарық пайда болған. Аудан білім бөліміне, аудан әкімшілігіне хабарлама хат бердік. 22 қаңтардағы жер сілкінісі кезінде  7-10 см жарық ұлғайды. Мектептің осы бөлігі сапасыз салынған секілді, еден қисайған, – деді  «Қазақстан орта мектебі» КММ директоры Нұрмағанбет Балмағамбетов,

Ал зілзаладан кейін тексеріске шыққан аудандық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы білім ордасындағы жарықты сызғышпен өлшеп көрсетті. Одан өзге тексеріс құралын көрмедік.

– Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 7 білім беру обьектісі, 1 денсаулық сақтау, 1, және 6 әлеуметтік нысан бар. Қазір біз көріп шыққан мектеп қабырғасы қауіпсіз емес, – деді Еңбекшіқазақ ауданы ТЖБ бастығы Рахымжан Кәрімжанов.

Айта кетейік, жер сілкінісі Алматы облысы бойынша 44 нысанға зақым келтірген. Мәселен Ұйғыр ауданында 11 нысанның 8-і - білім беру обьектілері. Кеген ауданында 4 денсаулық сақтау мекемесі, Райымбек ауданында 3 нысанда жарық пайда болған. Іле ауданында 3 бірдей денсаулық сақтау нысаны сын көтермесе, Қарасай ауданында 4 білім беру орталығына зақым келген. Мамандардың айтуынша, барлық нысан қатаң қатаң тексерлуі тиіс.

Әлібек Шынтемір, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөнінде кеңес өткізді