Ескертуді елемей той жасағандар темір торға қамалуы мүмкін

18.03.2020 00:50

Бұл туралы мейрамханалар көп шоғырланған Талғар ауданының шенділері мәлімдеді

stan.kz

Ескертуді елемей той жасағандар темір торға қамалуы мүмкін. Бұл туралы мейрамханалар көп шоғырланған Талғар ауданының шенділері мәлімдеді. Ал, “барым тойда шашылсын” деп той күнін белгілеп, кепілдікке ақша өткізгендердің ақшасы қайтарыла ма?

Жақында отбасын құрған Еркебұлан Әлімқұлов үлкендердің батасын алмақ ниетпен наурыз айының 23-іне үйлену тойын жоспарлап, тойхананы таңдап, кепілдікке ақша да қалдырған. Алайда тойға шектеудің қойылуына байланысты жағдайды естіген бетте бірден тойхана әкімішілігіне хабарласыпты. Мейрамхана өкілдері еш қарсылық танытпастан берген алдын-ала алған ақшаны толығымен қайтарып берген.

«Жарты жыл бұрын жоспарлаған болатынмын наурыз айынды өткіземіз деп. Отбасыларымызды, туған-туыстарды шақырып қойдым. Енді соңғы елдегі жағдайға байланысты тойымды жазға шегердім. Жазда бәрі жақсы болатын шығар деп үміттеніп отырмын. Тойхананың иесіне жағдайды түсіндіріп айттым. Олар да маған жақсы жауап қайтарды. Берген ақшамызды қайтарып берді», – деді Еркебұлан ӘЛІМҚҰЛОВ

Мейрамхана әкімшілігінде алты жылдан бері жұмыс істейтін Анар Қызайбайдың айтуынша клиенттермен арада ешқандай кикілжің жоқ. Қалағандары берген ақшасын қайтарып алып жатса, кейбіреулері той уақытын басқа уақытқа шегерген көрінеді.

«Қазір елімізде болып жатқан жағдайға байланысты қазір бізде той уақыты тоқтап тұр. Тойдан бас тартып жатқан кісілердің ақшасын қайтарып беріп жатырмыз. Күндерін ауыстырамыз деген кісілердің күндерін ауыстырып жатырмыз. Тойдан бас тартып жатқан кісілердің ақшасы толық қайтарылып жатыр», – деді мейрамхана өкілі Анар ҚЫЗАЙБАЙ.

Ал, атқамінерлер пайданы ойлап ескертуді елемегендер заң аясында жауапқа тартылады дейді. Алды айыппұл арқаласа, арты 15 тәулікке дейін темір торға қамалуы мүмкін. Себебі барлық мейрамханаларға арнайы нұсқау қағазы таратылып, хабарландыру айтылған.  

«Нұсқаулық тараттық.  Ешқандай іс-шара өтпеуіне байланысты оларға хабарландыру жібердік. Егер де тыңдамай өткізген жағдайда әкімшілік құқық бұзушыдық заңының 476-бабына сәйкес 10 АЕК айыппұл немесе 10-15 тәулікке қамаққа алынады», – деді Талғар ауданы белбұлақ ауылдық округі әкімі орынбасарының міндетін атқарушы  Гаухар ӘМІРХАНОВА

Наурыз бен сәуір айының әр күніне тапсырыс қабылдаған тойхана әзірге бос. Қызметкерлердің бәрі уақытша үйлеріне қайтаралыған. Естеріңізге салсақ, еліміздегі төтенші жағдайға байланысты отбасылық шаралар мен той өткізуге тыйым салынған болатын.

Қуан Нұрақын, Валерий Таубалдиев, "Алматы" телеарнасы