«Құрылтайда талқыланған сегіз мәселе де өзекті. Мәдениет, өнер, білім саласындағы қоғамның көкейінде жүрген мәселелерді көтерген алқалы жиын ел болашағы үшін маңызды». Зиялы қауым өкілдері осылай дейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Тәрбие тал бесіктен» деп сөзін бастаған Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова, ең алдымен, өзі 50 жыл ғұмырын сарп еткен білім мен ғылымдағы олқылықтар түзелсе деген ниет білдірді.
«Балаларымыздың білімі мен тәрбиесі бұрын қандай еді? Қазір қандай? Біз ылғи осы мәселені айтып келе жатырмыз. Құрылтайда осы тақырыпта біраз дүние айтылды», – деді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
«Тарихын ұмытқан ел – жоғалған ұлтпен тең». Құрылтайда Қазақстан тарихының көптомдық жинағына қатысты да тапсырма берілген еді. Мемлекет басшысы бұл еңбек ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді нығайтуға зор үлес қосады деп сенім білдірді. Зиялы қауым өкілдері де Мемлекет басшысының сөзін құптайды.
«Меніңше, Президенттің бұл ұсынысын қолдау керек. Және тарих мейлінше кеңінен жазылу керек», – деді Қазақстан Жазушылары одағының хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай.