Елімізде тұрғын үй басқарудың жаңа тәсілі енгізіледі. «Е-ОСИ» деп аталатын жоба мүлік иелері бірлестігінің жұмысын ашық көрсетуге мүмкіндік береді және оны Әділет органдары бақылап отырады. Сондай-ақ азаматтарға енді нотариус қызметін алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Ол да онлайн қолжетімді болмақ. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев арнамызға берген «Арнайы» сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Көптен бері қордаланып келе жатқан мәселелердің бірі – тұрғын үйді басқару формасы. Осы уақытқа дейін пәтер иелері кооперативінің жұмысы нәтижесіз болғандықтан, көпшілік мүлік иелері бірлестігіне өтуді құптаған еді. Тиімдісі сол – халық өзі басқарып, өздері шешім шығарады. Алайда Әділет министрі бұл бастаманың да шикі тұстары барын жасырмады. Бұл олқылықты жою үшін ведомство «Е-ОСИ» жобасын іске қоспақшы. Мобильді қосымшада қолжетімді бағдарламаға төраға да, тұрғындар да онлайн тіркеледі, туындаған мәселені сыртқа шықпай-ақ шеше алады.
– Біз мына өзіміздің «Диджитал Джастиз» жобалар пулын дайындағанбыз. Соның шеберінде біз «Е-ОСИ» деген шартты атаумен пилоттық жоба дайындадық. Ол онлайн форматта, мобильді құрылғыларға қосу арқылы бір үйдің меншік иелері бірлестігінің төрағасын сайлау жөніндегі онлайн дауыс жинау, ешқандай жалтару, жалған, алаяқтық ақпарат болмайды, – деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.
Сондай-ақ «Диджитал Джастиз» жобасының аясында тағы «Е-Заң көмегі» бағдарламасы іске қосылмақ. Онда адвокаттар мен құқық қорғау қызметкерлері халыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендерге, көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға заң жағынан тегін ақпарат пен кеңес береді. Ол онлайн түрде видеобайланыс арқылы жасалады. Сондай-ақ нотариус қызметкерлеріне де талап күшеймек. Бұл шаруа биыл екінші жартыжылдықта қолға алынады екен.
– Лицензия алу үшін арнайы ол кісінің білімі болуы керек, аттестациядан өтуі керек. Сондай-ақ сұхбат өткізіледі. Бұл мәселе күрделі және жан-жақты сарапталып, қаралу үстінде. Лицензия беру тәртібін қайта қарап жатырмыз. Нотариусқа талаптарды реформалауға ұсыныс жинап жатырмыз, – деді деді ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев.
Өз сөзінде Азамат Есқараев нотариус қызметінің жетілмеген тұстары бар екенін алға тартты. Енді азаматтар уақытын жоғалтпай, қажетті сенім хат пен құжаттарды арнайы қосымшадан Егов арқылы онлайн ала алады. Бұдан бөлек, қазір контрафактілік заттарды тәркілеу бойынша ауқымды шаруалар атқарылып жатқанын айтады. Бұл саланы да цифрландыру жоспарланып отыр. Айта кетейік, Әділет министрлігі мобильді қосымшаларға 32 қызмет түрін қосқан. Оның 28-і EgovMobile арқылы жүзеге асырылады.
Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әжімжанов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы