Газ баллоны қоймасындағы өрт: Тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілердің ерлігі жайында

Almaty.tv
Almaty.tv
Елімізде пандемия жағдайында көптеген мамандық иелеріне ауыр жүк артылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде пандемия жағдайында көптеген мамандық иелеріне ауыр жүк артылды. Алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер мен тәртіп сақшыларынан кем түспейтін төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегі де ерлікпен пара пар. Күнделікті қиын жағдайға кез болып, басын қатерге тігіп,  адам өмірін құтқарып қалуды мақсат ететін өрт сөндірушілердің жұмысы ең қауіпті, ең жауапты іс. Күн сайын табиғи апат салдарынан не қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамаудан туындайтын өрттермен бетпе-бет келіп, тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын маман иелерінің қызметі жайлы Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке кеңінен тарқатады.

Газ баллоны қоймасынан от шыққан күнді өрт сөндіру қызметінің офицері Нұрбол Досымбекұлы кеше болғандай есіне алады. Өз қызметінде бірінші рет мұндай ірі жарылыстың куәсі болғанын толғаныспен айтады. Былтырғы жылдың 1 мамырында «101» пультіне Жетісу ауданындағы газ баллондарын таситын көліктің отқа орынғаны туралы хабар түседі. Оқиға орнына жедел жеткен жасақ қызметкерлері бірден отты ауыздықтауға кірісіп кетеді. 150 шаршы метрді шарпыған жалынды қызметкерлер тез арада сөндіреді.

«20 метр қасына жақындап, өртті барынша ықшамды және тез өшіруге тырысып, 10 минуттың ішінде өшірдік. Көрші нысанның бетон стеналарын жарып жіберген тесіп. Қатты-қатты жарылыс болды. Бір соғысқа кіріп кеткендей әсерде болдық. Бәріміз шок. Өмірімізде мұндай үлкен өрт көрген жоқпыз», – деді қалалық ТЖД мамандандырылған жасақ бастығының көмекшісі Нұрбол Жантиков.

Тілсіз жау күшейіп кетсе, оның арты жақсылыққа апармайтынын өрт сөндірушілер жақсы біледі. Сондықтан өртке оранған қоймадан бір аттам жерде басқа газ қоймасының орналасқанын білгенде бірден шешім қабылдаған. Онда 25 және 50 литрлік бақандай 200 газ баллоны бар болатын. Одан қалды жақын маңда көгілдір отынға лық толы алып цистерна тұрған.


«Ол жердегі барлық күшті 100 кубтық цистернаға бердік. Өйткені ол жарылатын болса, радиусы 1 шақырым аумақты қопарып тастайтын еді. Қатты жарылыс болғандықтан, бір-біріміздің дауысымызды естуге де мүмкіндік болмады. Соған қарамастан біз өртті өшіре бастадық», – деді қалалық ТЖД мамандандырылған жасағының бөлімше командирі Данияр Мұхамедмолдаев.

Жолда келе жатқанда өрт сөндірушілер қою қара түтінді алыстан байқап, газдың иісін сезеді. Оқиға орнына шұғыл жеткен 11 адам өздерін кәсіби маман ретінде көрсете білді. Абырой болғанда, бірде-бір адам зардап шеккен жоқ.

«Менің ең бірінші әрекетім – жеке құрамды өрт болып жатқан жерге жеткізу болды. Ол жер де бізге көлік өртеніп жатыр деген хабарлама келді. Міндетім – өрт болып жатқан жерге суды жеткізу болды. Өрт біткеннен кейін жеңіс сезімі болды, барған кезде қорқыныш сезімі болды», – деді қалалық ТЖД мамандандырылған жасағының көлік жүргізушісі Қанат Тасыбаев.

Айбынды ерлігімен көзге түскен өрт сөндірушілер үшін адам өмірін құтқару үйреншікті жағдай. Олар күн демей, түн демей, кезекшілік атқарады. Мамандандырылған жасақ қызметкерлері оларға жүктелген үлкен жауапкершілікті бір сәтке де ұмытпаған. Бұл олардың қызметі ғана емес, міндеті.

Сая Меңдеке, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров