Қазақстандықтардың орташа жалақысы неше пайыз өсті

11.08.2022 00:51

«Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы биыл көктемде қабылданған

Almaty.tv

Қазақстандықтардың орташа жалақысы 312 мың теңге. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елде былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда айлық 24 пайызға көтеріліпті. Әсіресе, Қызылорда облысы тұрғындарының табысы 31,3 пайыз өссе, елордалықтардың еңбек ақысы 14,2 пайыз жоғарылаған. Бюро мамандары құрылысшылардың айлығы 35,5 пайыз, тау-кен өнеркәсібі қызметкерлерінің жалақысы 28,3 пайыз көтерілді десе, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру мамандарының айлығы 12,1 процентке өсіпті.

Ұлттық статистика бюросының мамандары 312 мың теңге арифметикалық есептен шыққан сан дейді. Яғни, елде жұмыс істейтін кәсіпорындар жалақы қорлары туралы ақпаратты бюроға ұсыныпты. Ондағы мәлімет бойынша, 3 миллион 600 мың адамның айлығын бөлгенде осындай сома шыққан. Бірақ бұл нақты Қазақстандағы орташа жалақының көрсеткіші емес. Енді, мамандар орташа жалақыны есептеудің жаңа әдісіне көшіпті.  

«Осы айдан бастап медиана жалақысын есептей бастадық. Бағалау әдісі бойынша. Медиана жалақысы дегеніміз, негізі экономистер дәл осы жалақы түрін халықтың орташа жалақысына сәйкес жалақы деп есептейді. Оның көлемі өткен тоқсанда 196 мың теңге болды», – деді Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы Жазира Маратқызы  

Қазақстандықтардың табысын арттыруды Президент қаңтарда тапсырған. Осыған орай Ұлттық экономика министрлігі арнайы бағдарлама дайындады. Жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр екен. Алғашқысы – бюджеттік қызметкерлердің жалақысын көтеру. Мұнда, медицина қызметкерлерінің, бапкерлердің, мұғалімдердің, квазимемлекеттік секторда тер төгетін азаматтардың айлығын көтеру қарастырылған. Екінші бағыт – бизнесмендер қол астындағы қызметкерлердің жалақысын жоғарылатады. Мұндай талапты үкімет кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетер кезде қояды.

«Жүргізіліп отырған жаңағы шаралардың негізінде айтуға болады. Биыл қаңтар-мамыр айында  халықтың табыс деңгейі нақты мәнде 3 пайыз  өскенін атап өткен жөн. Және де осы бағдарламаны жүзеге асыру аясында 2025 жылға дейін біздің ойымызша 2 миллионға жуық жаңа жұмыс орны ашылады», – деді ҚР ҰЭМ департаментінің басқарма басшысы Қалыбек Мағзұм

«Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы биыл көктемде қабылданған. Мамандардың айтуынша, осы жылдың соңында нәтижесін көруге болады. Айта кетейін, осы бағдарлама аясында Президент тапсырмасымен жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып, 400 айлық есептік көрсеткішке дейін гранттар беріледі.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан