Жол батпақ, көлік жоқ: Алматы облысының тұрғындары балаларын мектепке апара алмай отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жиналған жұрттың шағымына жергілікті билік құлақ аспапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Ұзынағаш аулының тұрғындары мектеп мәселесі мұң болды деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ауылға кейіннен қосылған елді мекен тұрғындары үшін балаларын мектепке апару уайымға айналған. Батпақ кешіп біршама жол жүру былай тұрсын, аймақ қауіпті көрінеді. Себебі бұл маңайды құтырған ит қаптаған.

«Мектеп жоқ. Анау Сатпаев мектебіне барамыз, мына жағы Ынтымаққа барады. Кейбіреуінің мәшінесі бар, енді біреуде көлік жоқ», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Әбік Зарқымхан.

Жеткіншегін жетектеп жырақтағы білім ордасына баруға жағдай жоқ, жұмыс істеп күн көру керек. «Білімсіз күнің қараң» деп қынжылған ел ауыл арасында олар қатынайтын автобустың жоғын айтты.

«Жақында ғана үлкен баламды машина қағып кетіп, қайта аман қалды. Өйткені мен кішкентай балалардан шыға алмаймын, барып, әкелу жол алыс, 3 шақырым жерде мектеп бар. Балам кішкентай жолдан өте алмайды, көлік қағып кетті», – деді Ұзынағаш ауылының тұрғыны Еркегүл Жұмаділқызы.

Ал Ұзынағаш әкімін сирек көреміз деген ауыл азаматтары арызын Жамбыл аудандық әкімдігіне барып айтуға мәжбүр болды. Өйткені жиналған жұрттың шағымына жергілікті билік құлақ аспапты.

«Ұзынағаш ауылына қатысты 5 мектеп бар. Ол мектептің төртеуі қазір үш ауысымды мектеп болып саналады. Иә, бала саны көп. Бүгінгі таңда 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол келер жылы оқу жылында пайдалануға берілетін болады», – деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Абзал Нұрпейісов.

Құрылысы қарқын алып жатқан үш қабатты мектептің қазір қабырғасы ғана қаланған. Әлі ішкі және сыртқы жұмыстары бар. Әкімдік өкілдері білім ошағын келер жылы қолданысқа береміз деп сендірді.

Әлібек Шынтемір, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров