Елімізде ет бағасы тағы қымбаттай ма – сарапшылар пікірі

Елімізде ет бағасы тағы қымбаттай ма – сарапшылар пікірі
Өткен жылмен салыстырғанда биыл қой еті 15 пайызға, сиыр еті 7 пайызға қымбаттаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде еттің құны аспандап барады. Әсіресе қой еті өткен жылмен салыстырғанда бірден 15, сиыр еті 7 пайызға қымбаттаған. Ал Алматы базарларында сиыр етінің бір келісі 2800 теңгеден сатылып жатыр. Шаруалар мен сарапшылар бұған жем-шөптің тапшылығы себеп деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.       

Алматы іргесінде мал ұстап, бағып, қажет болса, бірден сойып беретін орын бар. Көп саудагер ірі қараның тұтас етін сол жерден көтерме бағамен сатып алады. Шаруалар биыл жем-шөпке қол жеткізу қиынға соғып тұрғанын, сондықтан бағаны сәл көтеруге тура келетінін айтады.

«Былтыр шөп 800 теңгеден болатын. Биыл 1200-1300 теңге болып кетті. Бидай, мысалы, былтыр 80-90 теңгеден болса, биыл 120-130 теңгеден болды. Жем-шөптің қымбаттауына байланысты, еттің де бағасы көтерілейін деп тұр ғой», – деді шаруа қожалығының өкілі Ербол Сүлейменов.

Ет сатып, нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер де бұрынғыдай жапа-тармағай ет сатып алатын адамдар да азайғанын алға тартады.

«Жердің бәрі қурап жатыр, шөп жоқ. Жем-шөп қымбат. Тұтынушылар да аз. Өйткені халықта ақша жоқ. Бәрі балаларын сабаққа береді, көмір отынын алады», – дейді саудагер Бинара Дуанқұлова.

Қасапханадан сойылып шыққан жылқы мен сиыр еті мұнда 2,5 мың, ал қой еті 2300 теңгеге саудаланып жатыр.

Облыста 2,5 мың теңгеге өтіп жатқан сиыр еті қаладағы базарларда 2800-3000 теңгеден бастап сатылуда.   

Жалпы, елімізде ет бағасы өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен, 7 пайызға шарықтаған. Әсіресе қой еті бірден 15%ға өсіп кеткен. Жылқы еті – 9, сиыр еті –7, ал құс еті 3 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ қаңтар мен тамыз айларында ет өндіру көлемі былтырмен салыстырғанда 4,5 пайызға төмендепті. Яғни, былтыр 45 мың тонна ет шығарылса, биыл өндіріс көлемі 43 мың тонна болыпты.

Ал сарапшылар еттің ғана емес, жалпы азық-түлік құнының жоғарылауын елдегі инфляция деңгейінің өсуімен байланыстырады. Сонымен қатар карантиннің де өзіндік ықпалы тиді деген пікірде.

«Ет бағасының қымбаттауына еліміздегі болған қуаңшылық тікелей әсер етіп отыр. Түрлі өңірлердегі қуаңшылық жағдайы жануарлардың қырылуына алып келіп жатыр. Бұл өз кезегінде, ет тапшылығын туындатып отыр», – дейді қаржыгер, сарапшы Жалғасбек Ақболат.

Дегенмен, қала әкімдігі еттің бағасын тұрақтандырып отырмыз дейді. Бірақ тек сиыр етінің төсі мен жауырын бөлігіне белгіленген бағаны ғана бақылай алады.

«Ұлттық экономика министрлігінің бекіткен бұйрығы бар. Онда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тізімі көрсетілген. Соның ішінде сиырдың төсі мен жауырын бөлігінің еті де кіреді. Соған сәйкес ет өндірушіден бастап сауда орындарына дейінгі баға бақыланады. 1 келі сиыр еті үшін 2050 теңге деп белгіленген. Бұл баға келер жылдың жазына дейін өзгермейді», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек.

Нарықта осындай екіұдай жағдай қалыптаспас үшін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік себетін қайта қарап, өзгеріс енгізу қажет дейді сарапшылар. Сондай-ақ олар алдағы уақытта ет бағасы тағы да қымбаттайды дегенді жоққа шығармады.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров