Елімізде петиция институтын заңдастыруға бағытталған құжат қабылданады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ведомствоның кеңейтілген алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онымен қоса ведомство басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын енгізу тәсілдеріне де тоқталды.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білесіздер. Соған сәйкес, ақпаратқа қол жеткізуге жауапты уәкілетті тұлға институты енгізілді. Бүгінде бүкіл мемлекеттік органда жауапты адамдар анықталды. Оларды оқыттық. Қазіргі таңда олардың жалпы саны 1400-ден асады», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров.
Сонымен қатар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік мекемелердің жұмысын БАҚ арқылы бағалауды көздеп отыр екен. Министр биыл да алдымызда мемлекеттің ақпараттық жұмыс сапасын, қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілетін одан әрі дамыту міндеті тұр деді.
«Қазақстандық интернет-сегментін дамыту биылғы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Қазақ тіліндегі интернет-ресурстарды, мультимедиялық контентті және онлайн-платформаларды дамыту қажет. Тұрғындардың медиа сауатын арттыру үшін үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп медиа және ақпараттық сауаттылық аптасын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Асқар Омаров.