Қазіргі уақытта 1 мыңнан астам күдікті жауапқа тартылып жатыр
Елдің ішіне іріткі салып, бейберекетсіздікке қатысқан 72 адам сотталды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды. Қазір полицияның тергеуінде 2 919 қылмыстық іс бар. 1 мыңнан астам күдікті жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаңтар оқиғасының экстремизмге, діни радикализмге ұласқаны ақиқат. Бұл ретте бас прокурор оқиға бірнеше толқыннан тұрғанын айтады. Бірінші толқында бейбіт митинг болды. Бұл кезде халық полициямен ешқандай қақтығысқа бармаған. Алайда сосын митингке шыққандардың қатарына түрлі экстремистер кіріп, олар наразылықты радикалды арнаға бұрып жіберген. Ал үшінші толқын кезінде көпшілікке криминалды топтар қосылып кеткен. Шеруге шыққандар ішінде шетелдік азаматтар да болған.
«Бүгінгі күні қылмыстық өндіріс бойынша жалпы 19 шетелдік азамат бар. Оның басым көпшілігі, яғни 11-і – Өзбекстан азаматтары, төртеуі – Ресейден, екеуі – Қырғызстаннан және Қытай Халық Республикасы мен Тәжікстаннан бір-бір адамнан бар. Бұл азаматтардың іс-әрекеті жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу бойынша, ұрлық және басқа да қылмыстармен дәрежеленеді. Әрине, бұл мәліметтер түпкілікті емес. Тергеу жүріп жатыр, өзгеруі мүмкін», - деді ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық істерді қадағалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев.
Қаңтардағы оқиғалардың бәрі билікті күшпен басып алу мақсатымен ұйымдастырылғаны да анық. Құқық қорғаушы Айман Омарова Президент өз әрекетімен мемлекеттікті сақтап қала алды деген ойын білдірді.
«Қаңтар күндерінде не болғанын бәрі білгісі келеді. Ол бейбіт митингілер болды ма, әлде билікті күшпен басып алу әрекеті болды ма? Қаңтар оқиғаларының негізі билікті күшпен тартып алу әрекеті болғаны күмәнсіз деп топшылаймыз. Бұл хаосты Президент қана өзінің әрекетімен тоқтатып, мемлекетті сақтап қала алды. Мұны айту керек», - деді «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының тергеу жөніндегі жетекшісі Айман Омарова.
Дегенмен жыл басы қайғылы жағдайлармен жұрттың жадында қалды. Бас прокурордың айтуынша, тәртіпсіздіктер кезінде елімізде 230 адам қаза тапқан, оның 19-ы – әскерилер мен күштік құрылым қызметкерлері.
«Алматыда 139 адам қайтыс болды. Бүгінгі таңда әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру және құқықтық тәртіпті орнату барысында 86 шабуыл жасағаны анықталды. Қайтыс болған 53 адамның өлімінің мән-жайы анықталуда. Олар қала аумағында түрлі жарақатпен, оның ішінде 48-і оқтан, 2-і пышақ жарақатымен, 3-і басқа да жарақаттармен және күйіктермен табылды», - деді ҚР Бас прокуроры Берік Асылов.
Алайда құрбан болғандардың тізімін Бас прокуратура ресми түрде жариялаған жоқ. Оған Заңда өзіндік шектеулер бар. {/ГРАФИКА БАСЫ/
Сонымен, барлық органда бүгінгі таңда 766 күдікті қамауға алынған. Ұсталғандардың ішінде: деструктивті діни ағымдардың 19, тыйым салынған экстремистік ұйымдардың 27 белсендісі, ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі және 113 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және тонау бойынша сотталғандар бар.
Сонымен қатар Күш құрылымдары қызметкерлеріне қатысты 234 қылмыстық іс тергеліп жатыр.
«Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін, құқық қорғау органдарына күштік құрылымдардың қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты арыздар келіп түсе бастады. Аталған арыздар бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен 125 қылмыстық іс келіп түсті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 109 арыз бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Соныңнәтижесінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 234 қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов.
Ал адам азаптау мен өкілеттігін асыра пайдалану фактілері бойынша 243 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 9 адам қамауға алынған. Оның ішінде 8-і – Ұлттық қауіпсіздік органының, 1 адам – полиция қызметкері. Бұл істің бәрі әлі сотқа жолданған жоқ. Әлі шешім қабылданған жоқ. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған тұлғаларға қатысты істер бойынша 12 күдікті бар.
Қаңтар оқиғасы кезінде 2 800-ден астам қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұрланыпты. Тек Алматы және Жамбыл облыстарының екі полиция департаменттерінен қылмыскерлер 800-ге жуық атыс қаруын жымқырған. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың атап өтуінше, бүгінгі таңда 1 215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылған. Ұрланған қарулардың әлі толық табылмауы қаңтар оқиғасы тыңғылықты жоспарланғанын көрсетеді деп отыр мамандар.
ГРАФИКА
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан