Полицей ерлігі: Әсет Қайрақбаев әкесін мақтан тұтады

25.06.2024 00:52

Ол - 2012 жылы лаңкестердің қолынан ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ержан Қайрақбаевтың ұлы

Almaty.tv

«Мен әкемді мақтан тұтамын». Бұл – 2012 жылы лаңкестердің қолынан ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкері Ержан Қайрақбаевтың ұлының сөзі. Ол кезде небәрі 16 жаста болған бозбала әке жолын қуып, қазір құзырлы орган қатарында сап түзеп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әсет Ержанұлы – 2012 жылы теріс ағым жетегінде кеткен лаңкестердің жолын кесу кезінде ерлікпен қаза тапқан полицей Ержан Қайрақбаевтың ұлы. Ол «сол жылдары елдің тыныштығын бұзған содырларға дер кезінде соққы бермегенде адам шығыны көп болар еді» дейді. Қарулы қақтығыста қайсарлық танытып, кеудесін оққа тосқан марқұм басынан жарақат алып, мерт болған. Әкесінің ізін басқан ұлы сол кезді былай еске алады.

– Жұмысына ұқыпты еді, қызығатынмын. Өте қайсар, мінезі ауыр болатын. Ол кезде жұмысының ауыр екенін түсінбейтінбіз. Қылмыскердің жолын кесіп, ерлікпен көз жұмды. Әкемді әрқашан мақтан тұтамын, – деді Түрксіб ауданы Полиция басқармасының қызметкері Әсет Қайрақбаев.

Бауыр еті баласының да осы мамандықты таңдағанын анасы алғашында қабылдай алмған. Десе де, әке жолын қуып, қоғамға тәртіп орнатамын деген тілегіне қарсы тұра алмаған.

– Террористер көбейіп, полиция қызметкерлерінің де өлімі көбейді. Оңай тиген жоқ. Түс көргендей болады екенсің, ешкімнің басына бермесін. Балаларды тастап, бір жерге барсатын болсақ, «тамағын жасап кетуіміз керек» дейтін. Екеуі де өсті, өзі көрмесе де, бәрі жақсы, шүкір! – деді Ә. Қайрақбаевтың анасы Майгүл Қажыкенова.

Әсет Ержанұлы елге еңбегі сіңген марқұм әкесінің жеткен жетістіктерін жиі сөз етіп, марапаттарын көріп, бір марқайып қалды. Өзі жалдамалы пәтерде тұрса да, қала сыртындағы қара шаңыраққа келіп, құран бағыштады.

Еліміз еңсесін тіктеп, егеменді ел болғалы бері 37 полицей қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан.

– Ержан патрульді полиция полкінде біраз жыл жұмыс істеді. Ол – сабырлы, өте сауатты мамандардың бірі. Ержанмен біраз жыл жұмыс істеген мамандар Әсетті Ержанға қатты ұқсатады, – деді Полиция департаменті баспасөз бөлімінің басшысы Салтанат Әзірбек.

Оқ пен оттың ортасында жүріп, Отанға қызмет етіп жүрген құзырлы орган қызметкерлерінің әр күнін батылдыққа балауға болады. Полиция қызметкері «қауіптің қай жақтан келері белгісіз» дейді. Басты міндет – еңбекке адал болу.

Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Курсанттан генералға дейін: Алматыда полицейдің өмірі туралы мюзикл сахналанды