5 жасар Еркежан Нұрмаханның азаппен ажал құшқанына бір апта болды
Айуандықпен ажал құшқан Сарыағаштағы 5 жасар қыздың жақындары бүгін наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, қаршадай қыздың өліміне бір емес, тағы 3 адамның қатысы бар. Олар бостандықта жүр деген көпшілік тас жолды да жаппақ болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сарыағаш ауданындағы 5 жасар Еркежан Нұрмаханның азаппен ажал құшқанына бір апта болды. Қаршадай қызын жер қойнына тапсырған ағайын бүгін оның жеті күндік асын өткізді. Осыдан кейін көпшілік жанайқайын жеткізді.
Әділ тергеуді талап еткендер күдіктілердің бірі бостандықта жүргенін айтады. Сөздерінше, қанды қылмысты бір ғана адам жасамаған. Осылай деп жанұшырған ағайын наразылық білдіру үшін күре жолды жаппақ болды.
Ал аудан әкімдігі наразылықтың басылғанын айтады. Қара жамылған отбасының талабы орындалады. Яғни, оларға тергеу деңгейі жайлы ақпарат ашық беріледі.
– Сағат 11:45-те 20 шақты туысқан әйел «қылмыскерді қолға беріңіздер» деп жолды жаппақшы болды. Дегенмен де оған рұқсат берілген жоқ. Оларды ауыл әкімдігінің ғимаратына шақырып, түсіндірген соң тарады, – деді Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Қозыбаев.
Еске салайық, 1 апта бұрын Сарыағаш ауданында 5 жасар қыз жоғалып, кейін сау-тамтығы қалмаған денесі көрші үйдің шатырынан табылған еді. Оны өлтірді деген күдікпен 48 жастағы көршісі қамауға алынған. Белгілі болғандай, ол бұған дейін адам өлтіргені үшін 10 жылға сотталып, адам денсаулығына зиян келтіргені үшін де істі болған екен.
Гүлмарал Изатқызы, Назерке Үкібасова, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы