«Қоқыс тасып, нәжіс сасыған»: Әуезов ауданы тұрғындары көршісінің ерсі қылығын түсінбейді

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұрт «психикалық ауытқуы бар» деген азаматтан туған туыстары бас тартқан
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Психикалық ауытқуы бар азамат тұрғын үйді өртеп жіберуі мүмкін». Осылай деген Алматының Әуезов ауданы тұрғындары көршісінің ерсі қылығынан әбден шошып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жұрттың айтуынша, жасы 50-ден асқан ер адам есігін бекітіп алып, пәтерінде білгенін істейтін көрінеді. Азаматтан көршілері түгіл, туған туыстары да бас тартып отыр.

Әлеуметтік желіде тараған бұл бейнежазбада автор пәтер иесінің отты күн ұзаққа сөндірмей жағып қойғанын айтады. Расында, тұрғындар арасында ер адамның психикалық ауытқу бар деген қауесет те жүр. Мұны көршілері де жоққа шығармады. Олардың айтуынша, пәтер иесі іште от жағып, 2 рет үйді өртей жаздаған көрінеді.

«Газды қосып, тастап кеткен. Бірден үй өртеніп, өрт сөндіру қызметіне жүгіндік. Көршілер де кірісіп уақытында сөндірдік. Әйтпесе, түгел үй жанып кетер еді», – қала тұрғыны Қанат Қайратов.

Жұрттың сөзіне сенсек, 50-ден асқан азаматтың мұндай қауіп төндіргеннен бөлек, көпке жағымсыз өзге де қылығы жетерлік. Даладағы қоқысты ішке тасығандықтан тұрғын үйдегі бірнеше пәтерді тарақан жайлап жатыр дейді. Одан бөлек, аулада жүрген балаларға қолына түскен затты лақтырып, айналасына бөтелкелестерін жинайды екен.

«Таңертең оянғанда «Тіріміз бе?» деп қорқамын. Мен жаман ұйықтаймын, кейде тұрып қараймын. Домофонды ашып. Не істеуге болады», – деді қала тұрғыны Рәзия Қожамұратова.

Шыдамы таусылған көршілер енді бір ауыздан «қоқыс тасып, нәжіс сасыған» пәтер иесінің алшақ кетуін талап етіп отыр. Оның ерсі қылықтарынан адам шошиды дейді. Ал ол тұратын пәтер есігінің сырттан да, іштен де ашылмай қалғанына біраз болыпты.

Есік ашылмағандықтан пәтер иесі құбырмен өрмелеп, үйіне терезеден кіріп жүрген. Мұны әдетке айналдырыпты. Ал үйдің терезесі ашық, қараусыз қалғандай. Жұрт «психикалық ауытқуы бар» деген азаматтан туған туыстары да іргесін аулақ салған. Оған да ер адамның ерсі қылығы себеп болған көрінеді. Әуезов аудандық әкімдігі өкілінің сөзінше, тұрғынға қамқоршы болудан оның әпкесі де бас тартыпты.

«Сол себепті біз ол кісіден келісім сұрадық. Тұрғынды мемлекеттік медициналық мекемеге орналастыруға нотариус арқылы келісім берді. Қазіргі таңда  психикалық орталықпен жұмыс істеп жатырмыз», – деді Әуезов ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы Жайық Шәлтен.

Мүлкі тұрмақ өзіне қарауға шамасы жоқ адамның пәтерін кезінде көршілері бірнеше рет тазалаған. Бірақ одан ештеңе өзгермепті. Жұрттың айтуынша, денсаулығында кінәрат  бар азаматтың жағдайы анасы дүние салғалы нашарлаған. Ал оның денсаулығына қатысты мәліметті медицина мамандары жарияламай отыр.

Оразай Нұртай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров