Алау-2024: Алматыда төтеншеліктер табиғи апатқа қарсы дайындықты пысықтады

17.05.2024 00:53

Оқу-жаттығу жиынына 183 адам, сонымен қатар 40 бірлік техника жұмылдырылған

Almaty.tv

Елімізде биыл 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Табиғат апатымен күреске дайындықты пысықтау үшін бүгін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері орманшылармен бірге «Алау-2024» оқу-жаттығу жиынын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қаласының өрт сөндірушілері, құтқарушылар мен орманшылар Іле Алатауы ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан Бұтақты шатқалына жиналды. Мамандар жасанды жалын тұтандырып, табиғи апатқа қарсы дайындығын пысықтады. Оқу-жаттығу жиынына 183 адам, сонымен қатар 40 бірлік техника жұмылдырылған. Дайындықта өрт сөндірушілер мамандандырылған көліктерден бөлек, арнайы қол құралдарының көмегіне жүгінді. Шамамен 5 гектарға жуық аумақты шарпыған өртті еркін ауыздықтай білді.

– Жаттығудың негізгі тапсырмасы – өрт сөндіру ықтимал аумақтарда өрт сөндіру кезіндегі өзара іс-қимыл өзара іс-әрекетті машықтандыру, оны белігілі бір деңгейде ұстау және де оны жоғарылату, – деді Өрт сөндіру қызметінің басшысы Тілеуберді Мәдиев.

Іс-шараға 2 квадрокоптер, сондай-ақ жылқылар мен іздестіру иттері де жұмылдырылды. Ал жедел-құтқару жасағы жалын шарпып үлгерген аумақтағы адамдарды эвакуациялап, өрттен жапа шеккендерге алғашқы көмектің қалай көрсетілетінін еске салды.  

– Ұлттық парк бойынша Медеу филиалы аумағында 1, 2 класстағы өрт қауіпсіздігі құрап тұр. 4, 5 класс жоғары өрт қауіпсіздік болған кезде, от жағуды тоқтатамыз. Парк бойынша 41 арнайы от жағу орындары белгіленді, – деді Іле Алатауы ұлттық табиғи паркі бас директорының орынбасары Дархан Исабеков.

Белгіленбеген жерде от жағып, ескертуді елемегендерге 370 мың теңге айыппұл салу көзделген. Сондықтан табиғат жанашырлары түсіндірме жұмыстарының жиі жүргізілетінін де атап өтті. Ал апатқа дайындықты пысықтау мақсатында ұйымдастырылатын оқу-жаттығу жұмыстары жылына кем дегенде 3 рет өткізіледі.

Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда апаттық сорғы станциясы қалпына келтіріледі