Алматыда жастарға жалдамалы баспана беретін бағдарламаға өтініш қабылдау ертеңнен басталды. Құжаттарды тіркеу 30 қазаннан бастап, 12 қарашаға дейін жалғасады. Өтініштер «Алматы жастары» сайтында https://almaty-jastary.kz/ қабылданады. Сатып алуға берілетін пәтерлердің алғашқы легі дайын тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда жұмыс істейтін жастарға үй Алатау ауданына қарасты «Саялы-2» ықшамауданынан беріледі. Тұрғын үй басқармасы қазір конкурс ұйымдастырып, кейін барлық талаптарға сай келген 250 отбасыға пәтер кілтін тапсырады.
Жастар жалдамалы пәтерге шамамен қараша айының аяғында қол жеткізеді. Жалпы жыл соңына дейін 1050 адамды жалдамалы пәтерге қоныстандыру жоспарда бар. Оларды көп күттірмейміз деген тиісті басқарма байқаудың әділ, автоматтандырылған жүйеде өтенін айтады. Жобаның шарттары белгілі. Бастысы қызмет қылатын жастардың айлық табысы 100 мың теңгеден кем болуы тиіс.
«Нұрлы жер» бағдарламасында жазылғандай, бірден-бір шарттарының бірі – Алматы қаласының тұрғыны болуы керек. Кемінде 2 жыл, сондай-ақ дәл осы мерзімде аттарында үйлері болмауы керек. Және де олар жұмыс істейтін жастар болуы керек. Олардың банкте жинақ шоты болуы керек. Олардың құжаттары балдық жүйемен есептеледі. Кімде жоғарғы балл болса, солардың мүмкіндіктері көптеу болады», - деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы тұрғын үйлерді есепке алу және тарату бөлімінің басшысы Ермек ӘМІРОВ.
Жастарға арналған пәтерлерді жалдау құны айына 10-12 мың теңге. Оған қоса, қолданған коммуналдық төлемді пәтерге қоныстанған азамат төлейді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспананың көлемі 40 шаршы метрге жуықтайды. Бұл үйлер жастарға 5 жылға жалға беріледі. Осы аралықта олар қаражат жағын реттестіріп, өз баспанасына ақша жинайды. Өтініштер электронды түрде «Алматы жастары» сайтында қабылданады. Айта кетейік, сайт ертеңнен бастап іске қосылады.
"Жұмыс орнынан анықтамасы және банктен шоты бар екенін растайтын құжат болса, қалған құжаттары өзінде. Неке қию туралы куәлік, бала-шағасының туу туралы куәліктері – қолдарында тұрған құжаттар. Және де міндетті түрде электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Ол кез келген жерден ғаламторға сүйене отырып, тәуліктің кез келген уақытысында тапсыра алады», - деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы тұрғын үйлерді есепке алу және тарату бөлімінің басшысы Ермек ӘМІРОВ.
Еске салайық, жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға 3 мың жалдамалы пәтер қолданысқа беріледі. Сондай-ақ, 2022 жылдан бастап мұндай бағдарлама еліміздің өзге өңірлерінде де іске қосылады.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, Алматы телеарнасы