Астана алдағы 11 жылда 2 миллион 300 мың халқы бар қалаға айналады. Елорданың бас жоспары бекітілді. Құжатқа Премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды. Онда қаланың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық, сондай-ақ инфрақұрылымды одан ары дамыту жөніндегі нақты қадамдар белгілен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елорда тұрғындарының саны шамамен 1 миллион 200 мың адамға жеткен. 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2 миллион 300 мыңға жетеді деп болжап отыр. Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. Ал 2029 жылға дейін заманға сай 15 оқушылар сарайы салынады. Жаңа бас жоспарда тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың құрылысына баса мән берілген. Себебі Астанаға қоныс аударатындар саны жыл сайын көбейіп келеді.
– Жаңа аудандарда жапсарлас құрылыс мүлдем болмайды. Шағын ғана тұрғын үйлер салынады. Мұндай жұмыстарды Алматы мен Есіл аудандарында бастап кеттік. Ал қаланың ортасында тұрғындарға жүруге ыңғайлы жағдай жасалады, – деді «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ ЖШС директорының орынбасары Серік Әбдірахманов.
Қалада қоғамдық көліктің балама түрлері көбейеді деп жоспарланған. Сонымен қатар Есіл ауданындағы кептелісті азайту үшін 5 көпір салынбақ. Елорда сол жағалауға қарай дамиды.
– Бас жоспар бойынша қала сол жағалауға қарай дамиды. Соған сәйкес әр кезеңде инфрақұрылыммен дамыту бекітілген. Инфрақұрылымдарды іске асырып, қолданысқа беретін болсақ, қала толыққанды инженерлік желілермен қамтылады, – деді «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ ЖШС бөлім басшысы Жәнібек Жораев.
Су тапшылығын шешу үшін Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін «Тельман» сорғы стансасын кеңейту көзделген.
– Тұтынушыларды жылу және электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 3 жылу электр орталығының екінші кезеңін, 4 жаңа газ шығу станциясын салу, ЖЭО-2 кеңейту көзделеді. Бас жоспарды іске асыруға 2025 жылға дейін барлық қаржы көздерден тартылған инвестиция көлемі 6 триллион 300 миллиард теңгені құрайды, – деді ҚР Премьер-министрінің баспасөз хатшысы Динара Әлімова.
Жасыл желек те назардан тыс қалмады. Өткен жылы қосымша 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады. Сондай-ақ қоғамдық және аула аумақғын абаттандыру шаралары қабылданады.
Астана қаласының бас жоспарының жобасы ашық құқықтық реттеу порталында былтыр қарашада жарияланған. Оның қоғамдық талқылауы 8 желтоқсанға дейін жалғасты. Бұл құжатты 17 мың 449 адам қарады. 168 азамат лайк басса, дизлайк саны - 234. Ал қабылданған пікірлер 9 болса, қабылданбағаны - 118.
Айта кетейік, 254 адам пікір қалдырған.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: eQurylys: құрылысты онлайн бақылайтын ақпараттық жүйе іске қосылады