Мамандар бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрып, алтындай уақытын сарп ететін заманның артта қалғанын айтады
Алматыда жыл басынан бері еnbek.kz сайтының қызметіне 30 мыңнан астам адам жүгініп, соның 4 мыңға жуығы жұмысқа орналасқан. Мамандар бұрынғыдай ұзын-сонар кезекке тұрып, алтындай уақытын сарп ететін заманның артта қалғанын айтады. Себебі электронды портал арқылы оңай тіркеліп, қалаған сұрағыңа жауап алуға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Enbek.kz порталы арқылы жұмысқа орналасқандардың бірі – Әділет Жаңабаев. Ол бұған дейін әр мекеменің есігін тоздырып, жұмыс таппай ұзақ жүріп қалыпты. Кейін арнайы орталықтың электронды сайтына түйіндемесін жүктеп, аз уақыт ішінде түрлі ұсыныстар түскенін айтады.
«Мұнда қаншама кезекте тұрдым, қаншама уақытым кетті. Содан кейін жұмыспен қамту орталығының мамандары еnbek.kz сайты туралы айтып түсіндірді. Сол сайт арқылы жұмыс тапқаныма 6 айдай уақыт болды. Қазір осында жұмыс істеп жатырмын», – деді қала тұрғыны Нұрдәулет Бекетаев.
Жұмыспен қамту орталығына бұрын күніне 300-дей адам келетін болса, қазір 50 шақты азамат жүгінеді. Яғни, онлайн қызмет көрсету сапасы артқан. Enbek.kz сайтының ерекшелігі – үйде отырып-ақ электронды түрде тіркеле алады.
«Онлайн тиімділігі біріншіден жүгінген азаматтардың уақыт және қаржы шағымдарын қысқартады. Одан бөлек, үйден шықпай-ақ бізден, Жұмыспен қамту орталығынан алатын қызметтерді алуға болады», – деді Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Әділет Жаңабаев.
Сондай-ақ жұмыс беруші заңды тұлғалар да онлайн қызметке жүгініп, әр азаматтың түйіндемесін тексере алады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Enbek.kz сайтына 15 мыңнан астам қала тұрғыны жұмыс іздеуші ретінде, 15 мың 74 адам жұмыссыз есебінде тіркелген.
Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы