Әбіжан Байсалбаев атындағы мектептің қабырғасы қаланғанына тура бір ғасыр. Бұл білім ошағы Алматы облысы Қарасай ауданындағы Тұрар ауылында салынған тұңғыш қазақ мектептерінің бірі деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
100 жылдық тарихы бар білім ордасы әлі күнге дейін үздіксіз шәкірт тәрбиелеп келеді. Айтулы датаны ауыл тұрғындары мен ұлағатты ұстаздар қауымы ерекше атап өтті. Қыз қуу, көкпар, алтыбақан сынды ұлттық құндылықтармыз паш етілді.
Сондай-ақ, мұғалімдер бұл күні Әбіжан Байсалбаев ұстаздың қазақ балаларының білім алуы үшін мектеп ашудағы ерен еңбегін еске алды. Ол небәрі 20 жасында осы мектептің директоры болып, оқу орнын 12 жыл бойы басқарған.
«Біздің мектепті 12 жыл басқарғаннан кейін осы ауданның білім басқармасына басшы болды, бірнеше ауылда мектеп ашты. Айналамызда ауылдарда мектеп жоқ болатын. Мектеп болмаса қазақтың жастары қалай өседі? Әбіжан Байсалбаев сол ауылдарда мектеп салдырды», - дейді филолог, қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Шәмшә БЕРКІМБАЕВА
Қарасай ауданына қарасты 51 мектеп бар. 58 мың 170 оқушының білім сапасын пайызға шаққанда 71 пайызды құрайды. Ал, ұстаздар республикалық деңгейді айтпағанда халықаралық додаларда да өздерін көрсетіп жүр.
«Мұғалімдердің білім деңгейі жоғары. Әлемдік сайыстарда өз әдістемелерімен көзге түсіп келеді. Білім сапасын көтеруде шетелдік озық үлгідегі методиканы қолданып жатыр. Биыл мұғалімнің мәртебесі туралы заң ұсынылып жатыр ғой. Қабылданса ұстаздарымыз уақытының көп бөлігін өзін жетілдіруге, қосымша білім алуға жұмсайтын болады», - дейді Алматы облысы Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы Жарқын НҰРҒАЛЫМОВ.