|
24.12.2021 | 19:54
1064

111 жыл: алматылықтар Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етті

Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында даңқты жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

 111 жыл: алматылықтар Бауыржан Момышұлының рухына тағзым етті Almaty.tv

24 желтоқсанда Халық қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 111 жыл толды. Осыған орай Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында даңқты жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Шараға әскерилер, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысып, батырдың рухына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей болған халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына биыл – 111 жыл. Осы айтулы мерекеге орай Б. Момышұлы ескерткішіне қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен алматылықтар арнайы гүл шоқтарын қою рәсімін өткізді.  

Бауыржан Момышұлы 1910 жылдың 24 желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, 1932 жылы әскерге шақырылады. Ал 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанады. Ол генерал-майор Иван Панфиловтың қолбасышылығымен 316-шы атқыштар дивизиясында атқыштар полкының батальон командирі болып тағайындалады.

Мәскеу үшін шайқаста дивизия қорғанысты табандылықпен еңсерді. Сол үшін Бауыржан Момышұлы шайқасқан 1073 атқыштар полкына 19 гвардиялық атқыштар полкы аты беріледі.

«Б. Момышұлы сияқты қазақ халқын биікке көтерген тұлғалардың бәрінің мәртебесі биік. Осы мерекені қазақ халқы ұмытпай, Бәукеңдей биік перзенті болғанын тарихта шегелеп, жас ұрпақ жадына тоқып отыруы тиіс», – дейді жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпіш.

1941 жылдың 16-18 қарашасы аралығында Бауыржан Момышұлының батальоны өз дивизиясынан оқшау жерде, яғни Волоколамск тасжолында ерлікпен соғысады. Қаһарман батыр сол жылы 27 шайқас өткізеді. Ол «Қызыл Ту» орденімен және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.

«Ол кісі қазақ елінің дамуы жолында көп еңбек сіңірген. Оның бүкіл ғұмыры – қазақ халқының жастарына үлгі боларлық өмір. Ол кісінің отбасы да елге үлгі болды деп айтсақ болады», – дейді «Елбасының сыныптастары және курстастары» ұйымының төрағасы Бақытжан Сертеков. 

Батыр 1955 жылы отставкаға кеткен соң Алматыға оралып, әдеби шығармашылықпен айналысқан. Көзін көргендер жазушылықты бірге алып, қағаз қиындыларға, дәптерлерге жиі жазба қалдыратын дейді. Бауыржан Момышұлы «Офицер күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Москва үшін шайқас» сияқты әңгіме жинақтарының авторы. Сондай-ақ ол жолсапар очерктер жазып, өз кітаптарын өзі аударумен айналысқан.

Қасымхан Талғатұлы, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир